Даланы еңбек дүбіріне бөлеген ауылшаруашылығы қызметкерлерінің күні Арқалық қаласында да жоғары сән-салтанатымен аталып өтілді. Дихан да, малшы да жыл бойы атқарған жұмысының жемісін татып, сый-құрметке бөленді.
Мерейлі шақта қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтау сөз сөйлеп, еңбек озаттарына марапаттарын табыс етті.
Ауыл шаруашылығы саласына қосқан үлесі үшін ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен «Асар 1» шаруа қожалығының басшысы Николай Поспелов, «Нұр-Жайлау НС »ЖШС директоры Есенжол Қасенов, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төс белгісімен «Qaz -Qar Lid-ХПП №3» ЖШС директоры Талғат Бақиян, «Азия 1» ЖШС директоры Сергей Гертнер, «Nadezhda Agro» ЖШС директоры Сергей Литвяк наградталды.
Ауыл шаруашылығы саласының майталманы Николай Поспеловтың жақында облыс әкімінің қолынан «Құрмет» орденімен наградталғанын да сүйіншілей кетейік.
Қала әкімінің қолынан марапат алғандардың қатары да аз болмады. Еңбек ерлері ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің, облыс, қала әкімдерінің «Құрмет грамоталарына» көптеп кенелді. Марапатталғандардың арасында шаруашылық басшыларымен қатар қарапайым мамандар, малшы – механизаторлар да көптеп табылды. Агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерін келесі кезекте Республикалық ветеринарлық зертхананың облыстық филиалының директоры Ахат Шектібаев құттықтап, марапаттады.
Қазақстан фермерлер қауымдастығының «Үздік фермер» төс белгісімен «Таң сұлтан» шаруа қожалығы басшысының орынбасары Әшімхан Сұлтанов, «Бірлік К» ЖШС бас агрономы Қайырбек Жүсіп, Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төс белгісімен Республикалық фитосанитарлық орталығы Арқалық қалалық филиалының фитопотологы Аида Таукенова марапатталды.
Қалалық мәслихаттың төрағасы Гүлбану Елтебаева мен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіровтер жылы лебіздерін білдірді. Еңбек ерлерінің құрметіне мерекелік дастархан жайылып, қала өнерпаздары ән мен күйден шашу шашты.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы