Қала сыртындағы атшабарда екі күн қатарынан жанкүйерлер тек құрыш білектілер ғана шыдайтын, ат тұяғымен жер қопарған көкпар ойынын тамашалады.
Көкпарға барлығы бес команда қатысты. Командалар өзара кездесу өткізіп, он ойын бойы ұпай санын арттыруға күш салды. Нәтижесінде бірінші орынды Арқалық қаласы, екінші орынды Фурманов ауылы, үшінші орынды Восточный ауылы, төртінші орынды Ашутасты ауылы, бесінші орынды Әбдіғаппар хан ауылы иеленді.
Қатысушылардың бәрі де қомақты ақшалай жүлделермен, медалмен, кубокпен марапатталды.
«Көкпар ойынын дамытайық деп, өткен жылы қала әкімінің қолдауымен, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қаражат бөлінген болатын. Соның арқасында биылдыққа екі рет ойын өткізіп отырмыз. Көрсеткіштеріміз көңіл тоғайтарлық. Биыл қала құрама командасы көкпардан облыстық спартакиадада 12 команданың ішінен жүлделі үшінші орынға ие болды. Жас шабандоздарымыз алғаш рет қатысып тұрса да жақсы ойын өрнегін көрсетті», — дейді жарысты ұйымдастырушы, қалалық Дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Айтжан Мәліков.
Сонымен бірге бұл күндері түрлі қашықтықтарда тай, құнан, ат жарыстары да өткізіліп, өңір халқын ұлан-асыр шаттыққа бөледі.Дүбірлі додаға шалғайдағы ауылдардың да қызығушылық танытуы көңіл қуантады. Әбдіғаппар хан ауылының әкімі Мереке Жұмабекұлы ауылдастарының көпарға жеке команда жасақтап, көкпарға алты ат, жарыстарға үш ат, екі құнан, екі тай қосып, бақтарын сынап отырғандарын марқая әңгімелейді.Ұлттық ойындар ұлықталып, марапаттарды қала әкімі Әмірхан Асановтың өзі құттықтау сөз сөйлеп, салтанатты түрде табыстады. Еске сала кетсек, бұл — қалалық деңгейде өтіп отырған дода. Арқалықтықтар алдағы уақытта оның аясын кеңейтіп, аймақтық деңгейге көтеруді жоспарлап отыр.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор