23 мая, 2025
Арқалықта облыстық ашық турнир басталды

Арқалықта облыстық ашық турнир басталды

Арқалықта дзюдо күресінен 2010-2011 жылдары туған жасөспірмідер мен қыз балалар арасында самбо күресінен КСРО спорт шебері Сағынғали Сейтешовті еске алуға арналған облыстық ашық турнир жалауын көтерді.

Сағынғали Айтқұлұлы 1966 жылы Арқалық қаласында дүниеге келген. Жастайынан спортпен шыңдалып, Жомарт Сабыржанов, Бейсен Әубәкіров сынды білікті бапкерлерден тәлім алған.

Ержетіп, азамат атанған соң осы салада тынымсыз тер төгіп, ел спортының дамуына зор үлес қосты.

Турнирдің салтанатты ашылуы ұлттық нақышымыз бимен өрнектеліп, еліміздің әнұраны шырқалды.

Спортшылар сап түзеп, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов құттықтау сөз сөйледі.

Жарысты ұйымдастырушы марқұмның бауырлары мен достары, жанкүйерлері жылы лебіздерін білдіріп, Сағынғали Сейтешовті еске алу турнирі жыл сайын өткізіліп тұрса, қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне аты берілсе деген ұсыныстарын жеткізді.

Бауырлары атынан даңқты спортшының досы Сәбит Нұрғалиев, жанкүйер ағасы Серік Ерішов, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Абай Сарыбаевтардың иығына шапан жабылды.

Аймақта алғаш рет өтіп жатқан турнирге Астана, Қарағанды қалаларынан және Қостанай облысының 4 қаласы мен 7 ауданынан 200-ден астам спортшы 16 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсуде.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

 

                                                                                                              Арқалық қаласы