9 Сәуір, 2025
Арқалықта ардагерлер ұлттық ойындардан сайысты

Арқалықта ардагерлер ұлттық ойындардан сайысты

Кейкі батыр атындағы №4 жалпы білім беретін мектептің спорт залында ардагерлер «асық ату», «садақ тарту», «тоғызқұмалақ» және «қол күресі» сайыстарынан сынға түсті.

Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай, ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған сайыстың салтанатты ашылуында еліміздің әнұраны ойнатылып, соғыс құрбандары бір минуттық үнсіздікпен еске алынды.

Қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров, мектеп басшысы Күлнәзия Жұмабайқызы құттықтау сөз сөйлеп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Мектептің жас жұлдызы Нұргелді Төлеген әсем әннен шашу шашып, сайыстың бас төрешісі Ералхан Әуезбеков ойын ережелерімен таныстырды.

Қалада ардагерлер арасында түрлі жарыстар өткізу үшін қаржы қарастырылған. Өткен жылы әлеуметтік тапсырыс аясында 600 мың теңге бөлінсе, биыл ардагерлер ұйымы 800 мың теңге еншілеп отыр.

Жоспарға сай зейнеткерлер арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өткізіп жатыр. Қарттар жаттығу залдарына, «белсенді ұзақ өмір орталығына» барып денсаулықтарын шыңдап жүр.

«Бүгінгі іс-шаралардың жақсы өтіп жатқанына тәнтіміз. Ардагерлеріміздің арасында осындай түрлі спорттық сайыстар жиі өткізіліп тұрады. Біз ардагерлер қашанда жақсы ісімізбен, өнегемізбен жасатарға үлгі болуға тырысамыз. Еліміздің болашағының жарқын болуын тілейміз», – дейді зейнеткер Болат Байгелдин.

Жанкүйерлерін жанына көптеп топтастырған ұлттық ойындардың қорытындысы да салтанатты түрде көрініс тапты. Ардегерлер ұйымының басшысы Түбекбай Ғапсалықұлы сайыстың талапқа сай өтуіне жағдай жасаған мектеп басшылығына, спорт мамандарына алғысын білдірді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломмен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

                                                                             Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу