Арқалықта 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі жоғары сән-салтанатымен аталып өтті.
Мереке иелерін қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтап, әр салада жемісті еңбегімен көрініп жүрген бір топ нәзік жандыларға облыс, қала әкімдерінің құрмет грамоталарын табыс етті.
Облыс әкімі атынан сый-сияпат көріп марапатталғандардың қатарында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің психоневрологиялық ауруы бар балаларға арналған күндізгі болу бөлімшесінің тәрбиешісі Баян Еркінқызы, Арқалық өңірлік емханасы бас есепшісінің міндетін атқарушы Зәмзәгүл Боранбайқызы, қалалық тұрғын үй құрылыс жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Жанат Жаңабергенқызы, Арқалық жылу электр орталығының меңгеруші-мамандары Людмила Утюганова, Оксана Флора сынды еңбек озаттары бар.
Мәртебелі марапаттау рәсімінен соң аналар мерекесіне арналып қала өнерпаздарының күшімен әзірленген «Қош келдің, ару көктем» атты эстрадалық-концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.
Жылына бір келетін аяулы жандардың мейрамын олардың арқасүйері ер-азаматтардың ерекше өткізуге күш салатыны белгілі.
Биыл ол тіпті әсерлі болды деп айтуға болады. Қаланың белсенді азаматтары бірлесіп, көше бойында, жол үстінде жұмыс істеп жүрген, әйел – азаматшаларды, яғни: көше тазалығымен айналысушылар, жедел жәрдем қызметкерлері, көлік жүргізуші тәрізді тынымсыз жұмыстармен айналысып жүрген аруларды мерекелерімен құттықтап, шынайы ықыласпен гүл сыйлады.
Әншілер ән салып жатқанда лед экраннан көрсетілген осы бейнелер сахнада үйлесімін тауып, көрермен залында отырған нәзік жандардың құшағын гүлмен көмкерді. Қысқасы, ән де айтылды, гүл де сыйланды. Аналар мерекесі қаланы шаттыққа бөледі.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы