Арқалықта аналар кабинеті ашылды

Арқалықта аналар кабинеті ашылды

Қазақстан Халқы Ассамблеясы «Аналар кеңесінің» Арқалық қалалық филиалы арнайы бөлмемен қамтылды. Енді, өздерінің дербес кабинеттерінде аналар қауымының жиі-жиі бас қосып, тұрақты іс-жоспарларын жүзеге асырыруларына мүмкіндік молынан туып отыр.

Аналарға арналған жеке бөлменің ашылуымен мерейлі сәтте қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров құттықтап, алдағы уақытта қалада аналар үшін жасалатын игілікті істердің көлемі мұнанда ауқымды жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Аналар кеңесінің» қоғамдағы рөлінің зор екендігіне, отбасы, жас ұрпақ тәрбиесінде бұл ұйымның зор іс тындырып жүргеніне ризашылық пейілдерін білдірді.

Қуанышты шақтың куәгері болған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Сұлтанбеков пен Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Жұмабаевалар да аналарға жылы лебіздерін жолдап, ұйымның қоғамға келтірер пайдасының мол екенін, сол себепті өз тараптарынан үнемі қолдауға әзір екенін танытты.

Өз кезегінде қалалық «Аналар кеңесінің» төрайымы Бақытжамал Қалтаева іс жүргізуге қолайлы жағдай туғызған қала басшылығына аналар атынан зор алғысын айтып, ел мүддесі мен мақсаттары үшін аянбай еңбек ете беретіндіктерін алға тартты. Келешекте қала аймағындағы өнерлі аналарды біріктіріп «Аналар ансамблін» құру және «Кимешек киген әжелер» құралыптас бірегей жобаларды жандандырмақ ойларының бар екендігімен бөлісті.

 «2015 жылдан бері «Аналар кеңесі» болып құрылып, түрлі жақсы тәрбиелік мәні бар, жастар арасында, жас отбасылар, ата-аналар арасында ұлағатты қызмет атқарып келеміз. Осы күнге дейін біздің орталығымыз болған емес. Аналар кеңесі болып, жеке отырысымызды өткізуге мүмкіндік жоқ еді. Кездескен жерде сөйлесіп, пікірлесіп, жоспарымызды талдап алатынбыз. Енді, мінеки, қала әкімі Әмірхан Біркенұлының арқасында өзімізге берілген жеке кабинеттің ашылуын мәре-сәре болып өткізіп жатырмыз. Аналар кеңесі толық құраммен жиналып, ашылу, жабдықтау жұмыстарына асқан жанашырлықпен атсалысқан азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз”, – дейді Аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Қалтаева.

Облыстық “Қостанай таңы” газетінің ұжымына да алғысын жеткізді.

Аналар кабинеті қал әкімдігі ғимаратының бесінші қабатында орналасқан. Бұл аналар қауымына үлкен демеу болары сөзсіз. Құжаттарды сақтайтын, көрме т.б іс-шаралар өткізетін жері бар.

 

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу