Арқалықта Altynsarin institute түлектеріне арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті

Арқалықта Altynsarin institute түлектеріне арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты 4-ші курс студенттеріне «Бос орындар жәрмеңкесін» өткізді. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Facebook-парақшасында жазылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – институт түлектерін жұмыспен қамту. Жәрмеңкеге облыстық, қалалық, аудандық білім бөлімдері мен жалпы білім беретін мектептер және мектепке дейінгі ұйымдарды қосқанда 17 мекеменің өкілдері қатысты. Сондай-ақ, Altynsarin institute биыл Педагогика ғылымдары бағыты бойынша мыңнан астам бакалаврын дайындамақ.
Жәрмеңке барысында Арқалық, Сәтбаев, Жезқазған, Қостанай, Ақмола және Ұлытау облыстарынан келген жұмыс берушілер педагогикалық бағыттағы мамандарға қажеттілік туралы өтініш білдіріп, жиналғандарды жұмыс жағдайларымен, қызметкерлерге қойылатын талаптармен таныстырды. Айта кетерлігі, математика, физика, химия, тарих, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі, педагогика және психология білім беру бағдарламалары сұранысқа ие болды.
Кездесу соңында ұйым өкілдері түлектердің түйіндемелерімен таныса алды, сондай-ақ олармен одан әрі жұмысқа орналасу мәселелері бойынша әңгіме жүргізді, бітірушілердің сұрақтарына жауап беріп, соның ішінде әлеуметтік пакетті ұйымдастыру, мансаптық мүмкіндіктер бойынша ақпарат берді.
«Бүгінде мемлекет жастарды жұмыспен қамтуға үлкен көңіл бөлуде. Ұйымдастырылған шара мүмкіндіктерді кеңейтіп, түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бастапқы тәжірибе жинақтау, тіпті тұрақты жұмысқа орналасу мақсатымен «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» сияқты түрлі бағдарлама жұмыс істеуде», – деді институттың оқу және ғылым жөніндегі проректоры Алмагүл Антаева.
Бос орындар жәрмеңкесіне қатысушылар заманауи еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделе алатын, қажетті дағдылары мен әлеуеттері бар, жоғары кәсіби және сұранысқа ие мамандарды даярлаудың өзекті екенін айтып отыр.

Жаңалықтармен бөлісу