13 июня, 2025
Арқалықта алғаш кен қопарған экскаватордың шөміші музей алдына қойылды

Арқалықта алғаш кен қопарған экскаватордың шөміші музей алдына қойылды

Күрделі жөндеуден кейін жаңа реңкке енген «Дала өлкесі тарихы» музейінің жанына сол кеннен алғаш қазылып алынған боксит түйірі де орналастырылды.

Ізгілікті іске өтініштерін аяқсыз қалдырмай қол ұшын созған «Алюминқұрылыс» ЖШС және «Торғай ет» ЖШС басшылары Абай Мұқанов пен Расул Абайұлына, «Арқалық жылу электр компанисының» басшысы Жасұлан Әбдірахмановқа қара шаңырақтың мәдениет қызметкерлері ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып жатыр.

«Музейіміздің осы екі жәдігерінің құтты орнына орналасқанын көптен қалап жүр едік. Жазған өтініш хатымызды қолдап, демеушілік танытқан кәсіпорындарға алғысымызды білдіреміз. Бұл азаматтар бізге жәдігерлерімізге тұғыр болатын жаңа бетондар беріп, сондай – ақ қажетті техникамен де қамтамасыз етті. Соның арқасында, салмағы ондаған тонна болатын аса ауыр дүниелер кранмен көтеріліп, абаттанған алаңқайымыздың көрікті жерінен орын теуіп отыр. Елдің елдігін көрсететін осындай ауқымды істерге үнемі жанашырлық танытып жүретін азаматтарымыздың қатары арта берсін дейміз», – дейді облыстық «Дала өлкесі тарихы» музейінің басшысы Рауан Терек.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы