Арқалықта ұлттық ат спортынан жарыстар жалауын көтерді. Жарыс түрлері: «Ат бәйгесі», «Көкпар», «Аударыспақ».
Жарыстың салтанатты ашылуында қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов спортшыларға ақ жол тілеп, қалалық «Мұхтасиб Әлмұхамед» мешітінің бас иамамы Нұрхан қажы Бақтыбай батасын берді.
Олимпиский кентіндегі белгіленген орында өтіп жатқан жарыста жанкүйерлер назарына ең алдымен көкпар ойыны ұсынылды.
Арқалық қаласы және қалаға қарасты ауылдардан сайдың тасындай іріктелген көкпаршылар сап түзеп, арнайы таныстырылымнан кейін сайыс алаңына бет түзеді.
Алғашқы болып Арқалық қаласының командасы мен Восточный ауылының көкпаршылары ойын алаңында бетпе-бет келді. Жан алысып, жан беріскен додада білекті де жүректі жігіттер сайыс ережесіне сай іс-қимыл жасап, қарсы жақтың қазандығына олжа салуға күш салды.
«Күш атасын танымас» деп көкпаршылар тақымдаған серке бірде ана қолға, бірде мына қолға өтіп, жарыс тамашалаған жұртшылықтың делебесін қоздырды. Арындаған аттардың ауыздыққа бой бермей межеден өтіп кеткендері қаншама. Қазандыққа дөп түспесе ұпайдың есепке алынбайтыны да бар. Жанкүйерлер арасынан салым салған көкпаршыларға бәйге белгілеп жатқандар да аз болмады.
Алғашқы ойынның қорытындысында Арқалық командасы қарсыласын 3:0 есебімен ұтты.
Көкпаршылар сайысы жалғасуда. Білек күшін айқындайтын аударыспақ ойыны, жер танабын қуыратын аламан бәйге, тай жарысы, құнан бәйге кезектерін күтуде.
Бәйге иелеріне кубок, мадақтама, ақшалай сыйлықтар тағайындалған.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы