Арқалық қаласындағы А.Құнанбаев атындағы №6 мектеп-гимназиясының оқушысы Нұрислам Рағаттың есімі айтыс әлемінде шығып, өз орнын алып келеді. Жас талап талай додаларда бас бәйгені қанжығасына байлап, дүлдүл атанып жүр.
Елордамызда өткен «Өлеңге құмар өрендер» атты аймақтық оқушылар айтысында да бас жүлдеге ие болып, сыйақымен марапатталып, жеңіспен оралған еді.
Жас жүйрігіміз Нұрислам алғаш рет Торғайдың топжарған ақыны Нұрхан Ахметбековтің 120 жылдығына арналған «Жас тұлпар» дәстүрлі облыстық оқушылар айтысында ерекше талантымен көзге түсіп, бас жүлдемен Н.Ахметбеков атындағы арнайы жүлдені жеңіп алып, республикалық айтысқа жолдама алған-ды. Нұрисламды айтыс өнеріне баптап, шабытын шыңдап жүрген туған ағасы, әрі жетекшісі, өңірге танымал талантты ақын Айбар Рағат.
Міне, осындай жас ақындардың басын қосатын, тәрбиелеп, алға жетелейтін кабинет те өз жұмысын бастады.
“Арқалық теле арнасының жанынан кабинетімізді ашуға қала әкімі қолдау білдірді. Әзірге жеті-сегіз бала тәлім алып жатыр. Әлі де кабинеттің керек-жарағына көмек беретін ағайындар болса, қуанамыз”, – дейді Айбар Рағат.
Астана қаласында “Дара дарын” жобасы аясында тәуелсіздік күні мен төл теңгеміздің 30 жылдығына орай “Өлеңге құмар өрендер” деген атаумен өткен айтыста ұйымдастырушылар қатысқан 7 облыс пен 1 қалаға 5 домбырадан тарту етеміз деп уәде берген-ді. Сол аманатты орындап, иесіне тапсыру үшін жоба авторы, жетекшісі Рауан Қайдар арнайы Қостанайға келіп, қасиетті домбыраны Нұрисламға табыстады.
Бұл домбыраны ұлт аспаптар шеберханасында Нұржан Ділманов атты шебер жасап шыққан. Нұрислам бұл тартуды жаңадан ашылған кабинетке алғашқы сыйлық ретінде қуана қабыл алды. Жуырда жетекшісі Айбар Рағат осы жоба аясында республика көлемінде ақындар айтысын ұйымдастырғысы келетінін айтты. Сыйлықты табыстаған Рауан Қайдар Нұрисламның сол айтыстағы шеберлігін атап өтті.
“Аталған айтысқа солтүстік аймақтардан 18 оқушы ақын қатысты. Олар айтысып, жүлдесін алып қана қоймай, екі күн бойы елордамыздың көрікті жерлерін көзбен көріп, Серікзат Дүйсенғазин, Ерболат Шалдыбеков, Әділ Ахметов, Еркебұлан Қайназаров сияқты өнер майталмандарының шеберлік сабағына қатысып, дәрістерін тыңдады. Біз 8 облысқа 5 домбырадан тарту етеміз деп жоспарладық. Бірақ Қостанай өңіріне осы сыйдың басын әкелген екі талант. Оның бірі – Жанкелдин ауданының жас өрені Ниязбек Таңжарық болса, екіншісі арқалықтық Нұрислам Рағат. Екі ақынды да Қостанайға арнайы шақыртып, сыйымызды өз қолымызбен берудің сәті бүгін түсті. Келешегіне зор үмітпен қарайтын бір қауым ел бар. Айтыстың көрігін қыздырар, елінің мұңын айтар, біздің ертеңіміз осы жастар. Ал қалған домбыраны Әсия Беркенова, Айбек Қалиев сынды айтыскерлердің өзара ақылдасыуымен өз орнын тауып, иесіне жетеді деп ойлаймыз. Сахна – тек өнер көрсететін жер емес. Ол ұлттық тәрбие мен болашақтың айнасы дер едім. Өнерлі жастар арқылы ұлтжанды ұрпақ тәрбиелей алсақ біздің еңбектің ақталғаны”, – дейді Рауан Қайдар.
Қазақтың төл аспабын асқақтатып, жас өнерпаздарды қолдап, талантын ашуға мүмкіндік беріп, дарынын дамытып, танымал болуына қолұшын созуды мақсат тұтқан жобаның жоспары көп. Оның бастамасына біз де куә болдық.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков