28 мая, 2025
Арқалықта әкімдердің халықпен кездесулері басталды

Арқалықта әкімдердің халықпен кездесулері басталды

Мемлекет басшысының Жарлығымен жарты жылда бір рет барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулері өтеді. Осыған орай, Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов бекітілген кестеге сәйкес қалаға қарасты Екідің және Әбдіғаппар хан ауылдарында халықпен кездесу өткізіп, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Халықпен кездесуде ауыл әкімдерінің 2024 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы және ауыл мектептерінің мәселелері қаралды.

Екідің ауылының әкімі Дулат Бейсенов, Әбдіғаппар хан ауылының әкімі Мереке Карин есептерін беріп, ауылдардағы білім ошақтарының қазіргі ахуалы туралы қалалық білім бөлімінің басшысы Есланбек Мәметеков баяндады.

Бүгінгі таңда баршаны алаңдатып отырған мәселе — ауыл мектептеріндегі бала санының аздығы. Екідің ауылында пән мұғалімдері де жетіспейді. Жуық арада жағдай жақсы жағына өзгермесе, бұл мектеп бастауыш мектеп болып қалуы мүмкін. Өңір бойынша олардың қатарына: Целинный, Ақбұлақ және Б.Майлин атындағы мектеп (Екідің ауылы) еніп тұр.

Түрлі сала басшылары мен БАҚ өкілдері қатысқан есептік кездесулерде мал басын есепке алу, уақытылы малдәрігерлік тексерістен өткізу мәселелері де қаралды.

Арқалық қалалық ветеринариялық станцияның басшысы Қайрат Қайнулдиннің мәлімдеуінше Екідің ауылынан бруцеллезге шалдыққан 7 бас ірі қара мал анықталған. Әзірге жол қатынасы болмағандықтан ауру малдар оқшауланып тұр. Бұл ауылға тек «паром» арқылы өткел бар.

Ауылдарда интернет мәселесінің жолға қойылмай тұрғаны да айтылды. Бұл іс қолға алынып жатқандықтан оның түйінін күтуге тура келеді.

Қала әкімі Әмірхан Асанов ауыл әкімдері мен тиісті сала басшыларына жағдайды жіті назарда ұстап, ауылдардың тазалығына аса мән беруді тапсырды.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы