5 июня, 2025
Арқалықта 341 түлек қанат қақты

Арқалықта 341 түлек қанат қақты

Биыл Арқалық қаласы бойынша 6 мың 564 оқушы оқу жылын аяқтады. Оның  341-і – мектеп бітіруші түлектер.

Алтын ұяларынан ұшқалы тұрған мектеп бітірушілердің құрметіне еліміздің әнұраны шырқалып, қошемет көрсетілді.

А.Құнанбаев атындағы №6 мектеп-гимназия мен Б.Майлин атындағы №3 мектепте өткен «Соңғы қоңырау» салтанатында қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов, қалалық білім бөлімінің басшысы Есланбек Мәметеков, мектеп директорлары, ата-аналар, ұстаздар үлкен өмірге қанат қаққалы тұрған жастардың қадамдарына сәттілік тіледі.

Мектепке тарыдай болып кіріп, таудай болып шығып, білім алу барысында өзін жан-жақты көрсете білген, білімде, өнерде, спортта жақсы жетістікке жеткен түлектерге «Алғыс хаттар» тапсырылды.

Түлектер арасында мектеп қабырғасын 10 оқушы «Алтын белгіге» аяқтады. Атап айтқанда: Ы.Алтынсарин атындағы гимназиядан – 3, Ш.Уәлиханов атындағы №1 жалпы білім беретін мектебінен — 3, А.Құнанбаев атындағы №6 мектеп-гимназиядан – 2, Родина ауылындағы Ә.Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектебінен – 1, Фурманов жалпы білім беретін мектебінен – 1 оқушы. Мұның сыртында 7 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанды.

 

 

Соңғы қоңырау салтанатына түлектер, ұстаздар және ата-аналар қатысты. Ән-жырдан шашу шашылды.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы