Арқалыққа арнайы жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин келді.
Премьер-министрдің орынбасарын облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен қала әкімі Әмірхан Асанов күтіп алып, тиісті нысандарды аралатты. Серік Жұманғарин алғашқы кезекте «Агрохолдинг-ҚМК» ЖШС-нің (256 га) ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру инвестициялық жобасының іске асырылу барысымен танысты. Қалада жаңалықты қолға алынып жатқан суармалы егістік жұмысы жөнінде серіктестік басшысы Арман Нұрманов әңгімелеп берді. Суармалы егістік жобасына салынған инвестиция – 1 млрд теңге. Жобаның жүзеге асуы арқасында 17 адамға жұмыс орны ашылған. Экономикалық әсері – өңірдегі шағын тауарлы шаруашылықтардың мал азығына қажеттілігін қамтамасыз ету. Шаруашылықтың астыққа арналған жалпы сыйымдылығы 10 мың тонна жемдік жүгері сақтайтын 2 қоймасы бар.Келесі кезекте үкімет басшысының орынбасары Арқалық қаласынан салынып жатқан 50 пәтерлі үйдің құрылыс аймағында болды. Жаңа нысандағы атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен қала әкімі Әмірхан Асанов таныстырды.Су тасқынынан зардап шеккендер үшін салынып жатқан үйге Арқалық қаласынан – 19, Аманкелді ауданынан – 17 және Жанкелдин ауданынан 14 отбасы қоныстанады. Көп қабатты тұрғын үй құрылысын «Базис – А» ЖШС өз қаражатымен тұрғызуда.Бұдан соң Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин қалаға қарасты Восточный тірек ауылының «Восточный ауылы» ЖШС-нің егістік алқабында болып, егін егу жұмыстарының жай-жапсарына қанықты. Егістік жұмыстарының аяқалысымен серіктестік басшысы Иван Попович таныстырды.Сапар барысында үкімет басшысының ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Серік Жұманғарин дала қосында дихандармен де бетпе-бет жүздесіп, «Восточный» ЖШС-нің №96 егіс алқабында ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларымен кездесу өткізді. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласына аса мән беріп отырғанын алға тартты. Егістік жұмыстарының ештеңеден қағажу көрмейтінін, қай жағынан да мемлекеттік қолдаудың болатынын жеткізді.Сондай-ақ арнайы көңіл бөліп, 971 тұрғыны бар тірек ауылдың тыныс-тіршілігімен де жақынырақ танысты.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген –Бердіболат Көркембаев