Арқалық дүбірлі той құшағында. Қалада 6-9 тамыз аралығында ХХХІХ – шы облыстық жазғы спартакиада және шаҺардың 70 жылдық мерейтойы еселі еңбекпен аталып өтуде.
Қала күні мен спорттық шараларды тамашалауға жан-жақтан қонақтар көптеп жиналған. Біз орайы келгенде мәртебелі қонақтардың ой-пікірлеріне назар аударған едік.
Сейітбек Қуанышбаев,
А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ ректоры:

«Арқалық қаласының 70 жылдығына арнайы қонақ болып келіп отырмыз. Мен соңғы рет осы қалада 8 ай бұрын болған едім. Осы уақыт ішінде қандай өзгерістер болғанын өз көзіммен көріп, риза болып жатырмын. Мінеки, бұл ұкіметтің халыққа деген назарын бөлуі. Бұл Президенттің «Торғай жеріне айрықша көңіл бөлу керек» — деген тапсырмасының негізінде жүзеге асып жатқан жұмыстар. Қаланың жақсаруы халықтың шоғырлануына оң ықпал жасайды. Барша қала тұрғындарын, Торғай жерінің азаматтарын қаланың мерейтойымен құттықтаймын. Мен де осы жерде он жылдан астам қызмет атқардым. Маған бұл қала өте ыстық. Арқалығымыз гүлдене берсін, көркейе берсін».
Серік Шайман,
Ардагер журналист:

«Арқалықтың мерейлі мерекесі құтты болсын. Қуанышы ұзағынан болсын. Мен бұл қалада ширек ғасыр қызмет істеген адаммын. 1971 жылы Қостанайдан келіп, жұмысты обком комсомолда бастадым. Редакцияда жұмыс істеп, «Лениншіл жаса» газетінің тілшісі болдым. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы болдым. Облыстық теле-радионы басқарды. Кейін Торғай облысы таратылғаннан кейін Қостанайға ойыстым. Арқалық – бәріміздің жастығымыз өткен жер. Елге танылып, елді танытып өскен жеріміз. Бұл қаланың біз үшін әрқашанда орны бөлек. Журналист болғасын Арқалықты үнемі жазып, насихаттап жүреміз. Қаланың қазіргі өзгерген келбетін көріп қуанып жатырмыз»
Есім Дауылбаев,
Амангелді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

«Қаланың мерейтойына келіп, кезінде осы жерде қызмет істеген азаматтарды жолықтырып мәре-сәре болып жатырмыз. 1976 жылы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін осында келіп тәжірибеден өттім. Инженер, аға инженер болып, топ басқардым. Жақсы жұмыс істегесін басшылардың сеніміне ие болып облыстық ауыл шаруашылық басқармасының жобалау бөлімін басқардым. Ол кезде Арқалыққа көптеген жастар келді. Жастық жігеріміз бен алған білімімізді осы қаланың болашағына жұмсадық. Кейін отбасы жағдайыммен өзімнің туған жерім Амангелді ауданына баруға тура келді. Ол жерде де абыройлы еңбек етіп, аудан әкімінің орынбасарлығына дейін қызметте жоғарылады. Қала тұрғындарын, қалаға қатысты адамдардың бәрін елдің үлкен тойыменен құттықтаймын. Арқалығымыз көктей берсін, гүлдей берсін. Елмен әрқашанда осылай жақсылықта кездесе берейік».
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор, Бердіболат Көркембаев
Арқалық қаласы
