Қала іргесіндегі жасанды су қоймасына көз салсаңыз жалғыз аққуды көресіз. Қаһарлы қыс ішінде ұшарға қанаты болмай өлімші болған құс еркесін мейірімді адамдар паналатып, күн жылынғасын табиғат аясына босатқан.
«Жол шетінде ұша алмай жалғыз қанатын сабалап жатқан жерінен аққуды балаларым тауып әкелді. Шамасы, не аң тістеген болу керек, не бағанға соғылуы мүмкін, әйтеуір алғашында бір қанаты топшысынан бөлініп түскенін көрдік. Содан, қыс бойы жылы жерге паналатып, жем-суын беріп, бағып — күттік. Енді, көктем келгесін амалсыздан еркіне жіберуге тура келді. Бірақ, өздігінен ұша алмайды», – дейді қала тұрғыны Болат Әбдібеков.
Қазір жаралы аққу су қоймасын еркін шарлап жүр. Ал, алдағы қыста тағдыры не болатыны белгісіз. Қос қанаты тең болмағандықтан, өзге құстар сияқты жылы жаққа ұшып кете алмайды.
«Қыс бойы екі қап жем жеп шықты. Мен оның бағымынан қашып тұрғаным жоқ. Табиғат аясында еркін өскен құсқа бақпада тұру – тар қапаста болғанмен бірдей. Қанша мәпелеп күтсең де адамға бауыр баспайды екен. Сол себепті, еркіне жіберуден басқа лаж таба алмадық», – дейді Болат аға.
Асыраған аққуы қолына түсіп жатса, ағамыз қайта қыстатуға даяр. Бәлкім, өзі айтқандай өзге де қамқор жандар ұшырасып қалар.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы