Қазір Жанкелдин ауданында судың деңгейі түсті. Жағдай бір қалыпты. Енді тасқынның зардаптарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Арқалық-Торғай бағытындағы күре жолдың Тәуіш ауылы маңындағы тұсы екі жерден жырылып, аудан орталығына қатынас тоқтаған еді.
“Алюминстрой ” ЖШС жұмысшылары бұзылған учаскелерге уақытша көлік өтетіндей жол төсеп жатыр.
«Бұған дейін облыс басшылығы тарапынан шұғыл шара қолданылып, Шилі-Милісай бағытындағы жолды іске қостық. Ол жақта Қабырға өзені биыл қатты тасыды. Бөренеөткелдің маңайында жол жеті-сегіз жерден жырылған. Облыстық ТКШ, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары басқармасының мамандары сол жерде үш күн жұмыс істеп, жол қатынасын қалпына келтірді. Әрине, ол бәрібір асфальт жол сияқты болмайды. Дегенмен, негізгі жол салынғанша пайдалана тұруға жарайды», – деген еді аудан әкімі Шота Оспанов тілшімізге берген сұхбатында.
Аудандағы бірнеше ауылға әлі де қатынас жоқ. Шалғай елді мекендерге апаратын жолдарды қар суы шайып кеткен. Тек Торғай-Шеген-Ақшығанақ бағытындағы көтерме жолды аудан өз күшімен бүтіндеп алған.
Қалған ауылдардың жолдарын ағыс тоқтағасын облыстан барған бригадалар қалпына келтіріп жатыр. Бүгін Арқалық-Торғай тас жолының Тәуіш ауылына кіреберіс тұсындағы жолды жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын қалды.
Таяу күндері Тәуіштен Торғайға баратын жол қалпына келеді деуге толық негіз бар.
Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ