Алғашқы ауқымды іс-шара қазіргі қоғамдағы ең өткір мәселелердің бірі – «Нашақорлыққа жол жоқ!» тақырыбына арналды.
Жастармен кездесуге полиция ардагері Кенжеғұл Қоянбаев, ардагер-ұстаз Ғалымжан Бейсенғалиев, Арқалық өңірлік ауруханасының психологі Жанерке Серікбаева, полиция қызметкері Мөлдір Фазылбекова, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Сұлтанбековтер қатысып, баяндама жасап, ақыл-кеңестерін берді.
Өскелең ұрпаққа жақсы кеңес беріп, жаман әдеттен аулақ болуға шақырған келелі жиында өмірлік тәжірибесі мол, ұл-қыз тәрбиелеп қатарға қосқан,бүгінде сол балаларынан немере-шөбере сүйіп бақытты ғұмыр кешіп елге сіңірген еңбегінің жемісін көріп отырған қадірменді қариялар да сөз алып, тәрбиелік мәні зор ортақ мүддеге лайықты үлестерін қосты.
Кездесуді қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Түбекбай Әубәкіровтің өзі бас болып жүргізіп отырды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың «Адал адам, адал адам, адал табыс» атты үшінші отырысында Жастар тәрбиесіне мән берілуі керектігін баса айтқан болатын. Бүкіл дүние жүзінде ғасыр дерті аталып отырған нашақорлық,ойын құмарлық, алаяқтық кеселдерінің залалын түсіндіру аға буын өкілдерінің басты міндеті болып отыр. Қазір Қазақстанда ресми мәлімет бойынша 54 мыңға жуық нашақор тіркеуде тұр. Республикамызда нашақорларды емдейтін 9 орын бар екен. Үстіміздегі жылы жүргізілген талдаудың нәтижесінде нашақорлардың 50 пайызы 30 жасқа дейінгі жастар мен әйел адамдар екені анықталған.
“Есірткілік заттарды қолданатындардың басым көпшілігі кәмелетке толмаған бойжеткендер мен бозбалалар. Оның себептері әр алуан. Біріншіден, олар өз-өздеріне есеп беріп жатпайды. Өмірдің не екенін әлі жете түсінбейді. Екіншіден, бұл жаста жасөспірімдер әр нәрсеге еліктегіш, тез бейімделгіш келеді. Сондықтан, өмірге жеңіл – желпі қарап, болашағына емес, бір күндік ләззатқа, қызыққа еліктеп қалай шоқ басқанын өздері де байқамай қалады”, – дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Ғапсалықұлы.
Ардагерлердің жастармен жүйелі жұмыс жүргізген алқалы жиынының алдағы кезекті саныжас буынды имандылыққа үндеп, теріс ағымнан сақтандыруға бағытталып отыр.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы