Арқалық қаласының әкімі тазалық мәселесі жөнінде жиын өткізді

Арқалық қаласының әкімі тазалық мәселесі жөнінде жиын өткізді

Арқалық өңірінде алдағы жылы ірі қоқыс үйінділерінен мәселе болмауы керек. Осындай тастүйін тапсырманы қала әкімі Әмірхан Асанов «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының барысы қаралған кезекті аппарат жиынында жауапты мекемелер мен ауыл және ауылдық округ әкімдеріне міндеттеп тапсырды.

Биыл көктемгі су тасқыны кезіндегі төтенше жағдайларға байланысты көптеген үйлер бүлініске ұшырап, олардың иелеріне баспана әперілді. Бұрынғы иелері жарамсыз үйлерінің қоқысын шығарып, орнын тегістеп, жерін мемлекет қорына тапсыруы тиіс.

Қала активінде барлық ауыл және ауылдық округтер әкімдерінің есептері тыңдалып, әрқайсына тазалық жұмыстарын күшейту керектігі ескертілді. Ірі қоқыс үйінділерінің кей ауылдарда көзі түпкілікті түрде жойылғанымен, бос тұрған, бұзылған үйлер әр елдімекеннен де табылады. Сол себепті, иесіз үйлердің иелерін тауып, оларға үйін күтімге алу қажеттігін жеткізу керек. Қордаланған қоқыстар мен бос тұрған қараусыз үйлер тірек ауылдардың өзінде көптеп саналады. Соның барлығын ретке келтіру қажет. Мәселен, бүгінгі таңда «Восточный» ауылындағы 301 ауланың 26-сы, «Родина» ауылындағы 610 ауланың 22-сі, Фурманов ауылындағы 336 ауланың 130-ы бос тұр.

  «Әр үй назарға алынуы керек. Тұруға жарамсыз болса бұзылып, орны тегістелуі тиіс. Жарамды үйлердің тазалығын сақтауға иелері жауапты. Сондықтан, бұл тараптағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі қажет»,-деді қала әкімі Әмірхан Біркенұлы.

Тірек ауыл «Ашутасты» ауылында 205 үйдің 150-і қалыпқа келтіріліп, қоршаулары жөнделген. Ауыл бойынша құлағалы тұрған 4 үй бұзылып, тазартылған. Екі қабатты бос тұрған үйдің терезелері бекітілген.

 Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

Жаңалықтармен бөлісу