Кейінгі жылдары қала көшелері көріктеніп, жаяу жүргіншілер жолы мен алаңдарға сырмақтастар төселе бастады. Былтыр орталық «Наурыз» алаңының ескі асфальті сүріліп төсемтас төселсе, енді міне көптен көксеп жүрген әкімдік ғимаратының алаңына да кезек келді.
Қаланың тоқырау жылдарында арматурасы көрініп жататын алаң әпсәтте жаңа реңкке енетін болады. Құрылысшылар бұл жұмыстармен қарқынды түрде айналысып жатыр. Жыр болған сапаға да жіті мән берілуде.
Кеспетастардың жылдағыға қарағанда асқан жауапкершілікпен салынып жатқанына қаланың әр тұрғыны куә болып жүр. Жерге төселген құрылыс материалдары арнаулы техникалардың көмегімен тапталып, кеспетастар да өрнектеліп, жақсы үйлесімділікпен орналастырылу үстінде.
«Қазіргі таңда әкімдік ғимараты алдына кеспетас төселіп жатыр. Оның көлемі 8 мың 200 шаршы метр. Келісім – шарт құны 130 миллион теңгеге таяу. Биыл мұнан бөлек жалпы көлемі 6 мың 750 шаршы метр Абай даңғылының жаяу жүргіншілер жолы мен қалалық 2 мың 900 шаршы метр Мәдениет сарайының алаңына кеспетас төселу көзделген. Қазірдің өзінде біраз жұмыстар істелініп қалды. Кеспетастар Қостанай қаласынан жеткізілген. Сапасы айтарлықтай жақсы. Мердігер де жергілікті жерден», – дейді Арқалық қалалық тұрғын үй құрылыс, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі Абай Брахметов.
Жоғарыда айтқанымыздай жалпы көлемі 12 мың 500 шаршы метр орталық алаңның құрылысы аяқталды. Былтыр 4 жоба жүзеге асқан.
Аз-кем кемшіліктері келісім-шарт бойынша жөнделіп, қалыпқа келтірілуде. Айтқандай, кеспетас төселген «Наурыз» алаңында таяу аралықта ұлттық «Домбыра күніне» арналып 1000 домбырашы бір мезетте бірнеше күй тартады деп күтілуде.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы