Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов Жаңақала, Қайыңды, Қызылжұлдыз, Алуа, Аңғар, Ашутасты, Аққошқар ауылдарында болып, халықпен кездесулерін өткізді.
«Биыл Арқалық өңірін дамытуға 20 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Бұл қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық, білім, мәдениет және спорт саласын дамытуға жұмсалатын болады», – деді қала әкімі Әмірхан Асанов.
Жаңақала ауылында антенна-мачта құрылыстарын салу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде осы аумақтағы үш ауылды – Жаңақала, Қайыңды, Қызылжұлдыз ауылдарын мобильді кең жолақты интернетпен қамтиды. Сондай – ақ, Қараторғай, Қайыңды және Қызылжұлдыз мектептеріне блоктық-модульдік қазандық орнатылмақ.
Қайыңды ауылында шағын футбол алаңын және воркаут алаңын орнату көзделген. Ауылдағы жалпы білім беретін мектептің төбесін жөндеу жоспарланып отыр.
Аққошқар ауылында антенна-мачта құрылыстарын салуға жобалық құжаттама әзірлеу қарастырылып жатыр. Ашутасты, Аңғар ауылдарының сорғы станцияларына қоршау орнатылады. Ашутасты ауылының мәдениет үйін күрделі жөндеу жоспарланған.
Сондай-ақ, Аққошқар, Ашутасты, Аңғар ауылдарындағы білім ошақтарының төбесін жөндеуге және өзге де қажеттіліктеріне қаражат бөлінді. Көктау ауылының медициналық бөлімшесіне санитариялық автокөлік сатып алынды.
Қала әкімінің халықпен жүздесулері өзге де ауылдарда жалғасын тауып, жалпықалалық тұрғындар кездесуімен қорытындыланады.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы