Арқалық аспанын әуезді әндер кернеді

Арқалық аспанын әуезді әндер кернеді

Арқалықта дүбірлі той өтуде. Қостанай облысының ХХХІХ – шы жазғы спартакиадасы мен қаланың 70 жылдық мерейтойы дүркіреп өтіп жатыр.

Қаланың әр бұрышында спорттың табы сезілмеген жер қалмады. Арқалықты ән тербеді, күй тербеді.

Орталық «Наурыз» алаңында Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Арқалық болашақтың қаласы» атты Гала концерт халықтың көзайымына айналды.

Қала тұрғындары мен қонақтарын салтанатты шақта мерейлі мерекелермен облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтап, қол жеткен табыстарды тағы бір мәрте саралады.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Бақытжан Хаберұлы өз құттықтауын «қайта түлеген қайсар қала, қонақжай жайсаң қала» деп Арқалықтың абыройын асқақтатып, кестелі сөзбен өрнектеп, елдің рухын көтеріп бастады. Жүйткіп өткен жетпіс жылда шағын шаҺардың түрлі кезеңдерді бастан өткергенін тілге тиек етті.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Торғай аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуы үкіметтің айрықша назарында болуы керек» деп тапсырма бергені баршамызға белгілі. Бүгінде Арқалық қаласы даму жолының жаңа кезеңіне қадам басып, жаңғырудың жарқын үлгісіне айналуда. Қаланың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған нақты жобалар қолға алынып олар кезең-кезеңмен табысты іске асырылуда», –деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Қала әкімі де өз сөзінде игі жақсылықтардың бәрі өңірдің тартымды дамуына деген айқын қолдаудың нәтижесі екенін алға тартып, қиын-қыстау кезеңдерде қаланы сақтап қалған ардагерлердің зор құрметке лайық екендігін айтты.

«Бүгінде Арқалықтың ажарын арттыру жолында түрлі салада аянбай еңбек етіп жүрген барша тұрғындарға шынайы алғысымды білдіремін»,-деді қала әкімі Әмірхан Асанов.

Мерекелік кеште елімізге танымал эстрада жұлдыздарымен қатар биыл көктемде қаланың мерейтойына арналып өткізілген «Арқалығым, ардағым!» тақырыбындағы Арқалық қаласына арналған жаңа әндер байқауының жүлдегерлері де өнер көрсетті.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев

Арқалық қаласы.