1 — қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Арқалық қазақ жасөспірімдер театрында салтанатты жиын өтіп, қала әкімі Әмірхан Асанов мереке иелеріне жылы лебізін білдірді.

«Ардагерлер – еліміздің алтын қоры. Тәжірибесі мол ағабуынның өмір жолы біз үшін аса құнды. Халқымыз ертеден-ақ үлкенге құрмет көрсетуді өсиет етіп, ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа ерекше мән берген. «Ата қайратты болса, бала ғибратты болады» деген қанатты сөз бекер айтылмаса керек. Сіздер қарапайымдылық қасиеттеріңізбен жастарды мейірімділік пен еңбекті сүюге, отанға, отбасына деген адалдыққа және абыройлы болуға тәрбиелеп келесіздер», — деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов өзінің қарттарды мерекелік құттықтауында.
Бүгінде қалада 30 тыл ардагері және 5 мыңнан астам зейнеткер бар. Қала басшылығы жыл сайын қарттарға арналған әлеуметтік қызмет түрлері мен көмек жолдарын жетілдіруге ерекше маңыз беріп келеді.
Қазыналы қарияларымызға әлеуметтік жағдай жасау және бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру бойынша тиісті жұмыстар жасалуда. Бұл ретте қарттарымыздың денсаулығын сақтау, спорт пен өнерге, компьютерге баулу сынды сан салалы жұмыстар оң жолға қойылған.
Қаладағы қарияларға арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталығындағы 7 үйірмеде 70 –ке жуық зейнеткер күнбе — күн бос уақыттарын өткізеді. Ардагерлердің денсаулығын нығайту үшін суға жүзу үйірмесі, теннис, бильярд ойындарын үйрету, иога жаттығулары, скандинавиялық жүріс, ән -хор және шебер қолдар үйірмелері жұмыс істеп тұр.
Мұның сыртында қала орталығындағы «Ардагерлер саябағы» зейнеткерлерге арналып, арнайы жабдықталған. Онда дене жаттығуларын жасауға арналған құрылғылар орнатылып, шахмат столдары арнайы беседкамен бірге ыңғайлы етіп қойылған. Биыл қаланың бесінші шағын ауданында да осындай шахмат ойнайтын орындар орнатылды. Мұның бәрін ардагерлер өз игіліктеріне пайдалануда.
Одан бөлек, жақында ардагерлердің туған өлкемен танысуы үшін қалалық әкімдіктен арнайы қаражат бөлініп, әлеуметтік тапсырыс аясында қалалық ардагерлер ұйымы жанынан жұмыс жасайтын «Қазына» ардагерлер қорының 30 мүшесі Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының кесенесіне барып, рухына тағзым етіп, Торғай селосындағы музейлер кешенін, тарихи орындарды аралап, рухани азық алып оралды.

Салтанатты шақта қала әкімі Әмірхан Асанов бірқатар ардагерлерге облыс, қала әкімдерінің, облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамоталарын өз қолымен табыс етті. Сондай-ақ, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров те қарияларға деген ыстық ықыласын жеткізіп, марапаттарды табыстады.
Ардагерлердің құрметіне қала өнерпаздары ән-күйден шашу шашып, мың бұралған бимен айшықтады. Мереке иелерінің құрметіне қалалық «Мұхтасиб Әлмұхамед» мешітінің асханасында дастархан жайылып, үлкен ас берілді.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген — автор
Арқалық қаласы
