Арқалық әуежайына AYK коды берілді

Арқалық әуежайына AYK коды берілді

Мемлекет басшысының Арқалық қаласының әуежайын жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында ҚР Көлік министрлігі әуежайға IATA кодын берді.
Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша, 2026 жылғы 12 тамызда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) Арқалық әуежайына үш әріптен тұратын, бұрын қолданылған және қазіргі уақытта қалпына келтірілген — AYK ресми кодын берді.
Бұл код бірегей болып саналады және Арқалық әуежайын әлемдік брондау және әуе билеттерін рәсімдеу жүйелеріне, рейстер кестесіне, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы басқа да жаһандық ақпараттық жүйелерге интеграциялауға жол ашады.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов Арқалықтың 70 жылдық мерейтойына барған сапарында көп кешікпей халықаралық сертификаттау құжаттары рәсімделетінін айтқан еді. Әуежай еншілеп отырған ІАТА коды Арқалықтың көлік-логистика қолжетімділігін арттырып, өңірдің дамуына тың серпін бермек.

Мемлекет басшысы: «Торғай өңірін дамыту үкімет назарында болуы керек», — деген еді. Ал бұл жаңалық осы міндетті атқару жолындағы жұмыстардың нақты бір нәтижесі.