Ария Тұрсынова: Мақсатым – ұлттық қолөнерді дәріптеу

Ария Тұрсынова: Мақсатым – ұлттық қолөнерді дәріптеу

Рудныйлық Ария Тұрсынованы тек Қазақстан ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан елдері де таниды. Ол сәндік қолданбалы саналатын қолөнермен айналысады. Шебермен орайы келіп аз-кем сұхбаттасқан едік.

     – Ария Ермекқызы, қолөнермен айналысып келе жатқаныңызға қанша уақыт болды? Өткен шаққа саяхат жасасақ.

     – Мектеп кезден биссермен жасалатын бұйымдарға қызығушылығым ерекше болды. Қандайда бір қолөнер туындысын көрсем міндетті түрде үйге келіп соны қайталауға тырысатынмын. Түрлі әшекейлер, мата қиындыларынан немесе моншақтардан гүл, тарақ, кілтке брелогтар жасайтынмын. Кішкентай кезімде теледидарда қолөнерге байланысты бағдарламалар көп болатын еді. Соларды көріп қолөнерге деген әуестігім одан сайын арта түсті. Мектепте лагерге көп барушы едім. Сондай бір сәттерде музейге экскурсия жасауға бардық. Бірінші рет қуыршақтарға биссерден ұлттық киімдер тігіп безендіргенін көрдім. Шыны керек таңқалдым. Керекті заттарды дүкеннен алып, ойыма жаттап алған қуыршақтарға киім жасауды қолға алдым. Алғашқы рет жасасам да өте сәтті шықты. Сол сәттен осы қолөнерге деген махаббатым ашылды. Алайда, мектепті аяқтағасын арман қуып, университетке түсіп, біраз жылды оқуға арнадым. Шыны керек, осы арада он жылдың қалай өтіп кеткенін байқамай қалдым. Одан тұрмыс құрып, отбасылық күйбең тіршілік басталды. Рудный қаласында комбинатта Coll-centr-де және бос уақытымда модель ретінде киімдерге жарнамаға түстім. Сосын декреттік демалысқа шығып, қолөнермен айналысуды қайта бастадым. Осы бастаған ісім мен үшін қуаныш әкелді. Себебі ескіні жаңарту, ұлттық өнерімізді дәріптеу, қатарластарыма, жастарға насихаттау бүгінгі таңда аса маңызды. Шет елді қарайтын болсақ сан ғасыр бойы дәстүрлерін, ұлттық құндылықтарын әрдайым насихаттап отырады. Бізде неге солай жасамасқа?!

Қандай бұйымдар жасаумен айналысасыз? Оқырмандарымызға толық ақпарат бере кетсеңіз.

– Қыз-келіншектерге және кішкене балаларға тақиялар жасаймын. Биссермен, моншақтармен ою басамын. Сонымен қатар киімдерге, сувенирлік “қыз жібек” есімді қуыршаққа ұлттық әшекейлермен көркемдеп киім жасаймын. Өзіме қажетті қолданатын заттарды Алматыдан және Қытайдан алдыртамын.

Алдырған заттарды құрастырып шашбаулым, шолпы, шекелік, алқа, тұмарша, бесбілезік, білезіктер, сырғалар тәрізді бұйымдар әзірлеймін. Тапсырыс жағы жоғары десем болады. көршілес Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдерденде хабарласып, тапсырыс беріп жатады. Көбіне шетелдерге тапсырыс жіберу жағы қиындау. Себебі, шетелге жіберілген заттың жету мерзімі ұзақ және жол ақысы да едәуір қалтаға салмақ салады. Инстаграмда Sen_sulu_11 деген жұмыс, Ariyastarck жеке парақшам бар. Аталған қос парақшаға адамдар жазып, тапсырыспен алдыртып жатады. Қолөнерді дамытып, оны насихаттаудың арқасында жақында Елорда күніне орай Астана қаласына барып келдім.

– Иә, Астана қаласына барғаныңыз жайлы әлеуметтік желіден көзіміз шалып қалды. Бас қалаға сапарыңыз жайлы өз аузыңыздан естісек. Қандай әсер алдыңыз?

– Ол жерден ерекше әсер алып келдім. Іс шара жоғары деңгейде өтті. Еліміздің түпкір-түкпірінен жиналған қолөнершілермен таныстым. Олармен сұхбаттасу, тәжірбие алмасу бұйырды. Өзіме жаңа идея мен тың серпіліс болатын керемет жұмыстарын көріп көзім тоймады. Өте керемет. Елордамыздың 25 жылдығына “Хас шебер” қауымдастығының ұйымдастыруымен мода фэшн өткізілді. Бәрі ерекше болды. Біз қарапайым халық өкілі болғаннан отандық өнімдерді дамысын деп шырылдаған қолөнершілерміз. Алдағы уақытта билік тарапынан бетбұрыс болса бізге нұр үстіне нұр болар еді. Отандық дизайнерлер жаңадан қадам басып келеді. Мен жалғыз емес екенімді сезіндім. Астанадағы көрме арқылы бұл жұмысымды әрі қарай дамытуды мақсат қылдым.

Сұхбаттасқан Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу