Тамыздың әр үшінші жексенбісінде Қазақстан спорт күнін атап өтеді. Бұл шын мәнінде халықтық мереке, өйткені еліміздің әрбір үшінші тұрғыны спортпен айналысады. Осынау спорт күні қарсаңында облысымыздың бірқатар спорт ардагерлері марапатталды.
Мерекеге жиналған спорт ардагерлерін Қостанай облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы мемлекеттік мекемесінің басшысы Бекболат Байжанов құттықтады.
«Мемлекет еліміздегі спортты дамыту, оны халық арасында және бірінші кезекте жастар арасында танымал ету мәселесіне көп көңіл бөледі. Ол үшін жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, стадиондар салынып, пайдалануға берілуде, спорт клубтары мен секциялар саны артып келеді. Қостанай облысының Денисов, Меңдіқара, Қостанай аудандарында былтыр үш спорт кешені пайдалануға берілді. Биыл да осындай алты спорт орындарының құрылысы жүріп жатыр. Соның бірі Жанкелдин ауданы Тәуіш ауылында салынады», – деді Бекболат Байжанов.
Солардың бірі облыстық жекпе-жек спорт клубы қазақ күресінің жаттықтырушысы Жұмақан Қасымханов “спорттың Құрметті қайраткері” төсбелгісімен марапатталады.
«Қостанайда жұмыс істеп жатқаныма биыл тоғыз жыл болады. Төрт Азия чемпионын және жүлдегерлерін дайындадым. Бір шәкіртім әлем чемпионы болды. Қолымыздан жастар арасында Қазақстаннның жүлдегерлері шықты. Көрсетіліп жатқан құрмет сол еңбегіміздің жемісі деп ойлаймын. Ендігі мақсатымыз әлі де жұмыс істеп, Қазақстанымыздың көк туын көтеріп, әлем жеңімпаздарын дайындауға бар күшімізді салу», – дейді Жұмақан Қасымханов.
Осындай құрметке ие болғандардың қатарында жекпе-жек спорт клубының президенттік көпсайыстан жаттықтырушысы Анатолий Писковой да бар.
«Алдымен Барлық әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтағым келеді. Қазір азда болса еңбегіміздің қорытындысын білетін боламыз. Біздің спортышымыз Тұрсынай Қабыл параолимпиада ойындарында бақ сынағалы тұр. Шәкіртімді сол үшін мақтан тұтамын. Басқа да шәкірттерім алдына үлкени мақсат қойып отыр. Енді солардан да үлкен үміт күтемін. Ол барлық спортшының арманы», – дейді Анатолий Писковой.
Қостанайдағы гольф спорт мектебінің басшысы Манарбек Сұлтанғазин де осы мрапатқа ие болды. Денисов ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Наталья Филатова Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жітіқара аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жеңіл атлетикадан жаттықтырушысы Николай Климов, осы мектептің бокстен жаттықтырушысы Қадыржан Өтеуленов, Қостанай аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің грек-рим күресінен аға жаттықтырушысы Серікбай Исмаилов, осы мектептің жеңіл атлетикадан жаттықтырушысы Галина Кувалдина, Әулиекөл аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің баскетболдан жаттықтырушысы Рафкат Мұхтаров, Меңдіқара аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тоғызқұмалақтан бапкері Рыспай Үмбетовтерге «Еңбек ардагері» медалдары табысталды.
Басқарма басшысы осы орайда мерейлі жасқа толып отырған спорт ардагерлерін де назардан тыс қалдырған жоқ. Ол тұлғаларға ерекше құрмет көрсетілді, сый-сияпаттар табыс етілді.
Мәселен, ҚР еңбек сіңірген дене шынықтыру және спорт қайраткері Виктор Борзов сексен жасқа келді. Ардагердің жүріп өткен жолы жеңіл атлетика спортымен байланысты болды. Жоғары санатты жаттықтырушы-оқытушы атанды. Виктор Андреевич Лисаков спортының қалыптасуының басында тұрған тұлға. Ұзындығы 1000 шақырым болатын “Тың даңқ жолында” үш супермарафонды ұйымдастырды. Өзінің еңбек жолында дене шынықтыру және спорт мұғалімі, қалалық спорт комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. Спорт мектебінің директоры қызметін атқарды, Оған 2006 жылы “ҚР спортының Құрметті қайраткері”атағы берілді.
Жітіқара ауданының Құрметті азаматы, Қазақтың Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Владимир Грязнов 75 жасқа толды. Ол бокстан “Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі”, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Оның шеңгелінен бокстан және кикбоксингтен Қазақстанның спорт шеберлері мен Қазақстан Республикасы чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегерлері шыққан.
Дзюдодан КСРО спорт шебері, Қазақ КСР чемпионы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Опабек Ибрашев жетпіс жас жасқа келді. Ол Қазақ КСР мен Қазақстан Республикасының 40 спорт шеберін дайындаған. Бірнеше Еуропа чемпионы, Әлем кубогының иегері, Азия чемпиондарын тәрбиеледі.
Жеңіл атлетикадан бірінші санатты біліктілігі жоғары деңгейдегі жаттықтырушы-оқытушы Галина Кувалдина 65 жасқа толды. Оның жаттықтырушы ретінде жұмыс өтілі 45 жылдан астам. Оқушылары жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы. Қазақстан Республикасы чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегерлері мен жеңімпаздары.
Жетпіс жасқа толып отырған Сергей Куденко 15 жыл бойы баскетболдан жарыста Қостанай облысының намысын қорғады. Жаттықтырушы болып жұмыс істей отырып, ол инновациялық әдістерді қолданды, соның арқасында оның басшылығымен командалар техникалық орындалуы мен нәтижелілігімен ерекшеленіп, ел чемпионы атанды.
Жетпіс бес жастағы Рафкат Мұхтаров “ҚазақКСРАғарту ісінің үздігі”, Қазақстан Республикасы Мәдениетжәне спорт министрлігінің «денешынықтыру және спорт саласына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісімен марапатталған. 50 жылдан астам уақыт бойы жоғары деңгейлі баскетбол командаларын дайындап келеді. Оның шәкірттері спорт шеберлері, Қазақстан чемпиондары.
Ал кәсіби спортшы Николай Чудновский де жетпіске келді. Ол “КСРО кәсіптік білім беру үздігі”,” дене шынықтыру және спорт үздігі”,” педагогикалық еңбек шебері ” Қазақстан Республикасының жеңіл атлетикадан еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Ұзақ жылдар бойы Қостанай индустриалды-педагогикалық колледжінде жұмыс істеді. Онда жаттықтырушылар мен ұжымның белсенді қатысуымен 60-тан астам спорт шебері, 12 халықаралық сынып шебері, 3 әлем чемпионы дайындалды. Колледж студенттері Андрей Кондрашев, Денис Кузин, Марина Масленко және Виталий Пухкало Олимпиада ойындарына қатысқан.
Жетпіс бес жасқа 40 жылдан астам спорттық өтілі бар, жүзу бойынша жаттықтырушы-оқытушы Ирида Чебаная да келіп отыр. Ол балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі басшысының орынбасары болып бірнеше жыл жұмыс істеді.
Рудный қаласының Құрметті азаматы. Хоккейден КСРО спорт шебері Иван Шваб та осы жетпіс бес жасқа толды. Ол Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы және облыс құрамасында ҚР Чемпионаттарының екі мәрте “үздік бомбардирі” атанды. КСРО халықтары спартакиадасының қатысушысы. Қостанай облысы құрамасының допты хоккейден бас бапкері. Қазақтың Еңбек сіңірген дене шынықтыру және спорт қызметкері. КСРО, ҚР Еңбек сіңірген дене шынықтыру және спорт қайраткері.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген – Бағдат Ахметбеков