Ғабдол-Ғазиз Әмірхамзаұлын жерлестері кеудесі медальдарға толы жауынгер ғана емес, аудандық, облыстық, республикалық газеттерде өлең-жырлары жиі жарық көрген ақын ретінде де білді. Ізгі жүректі ұстаз болуымен қатар, айтулы дарын иесі де бола білді. Он бес жасынан бастап өлең жазып, туған елі мен туған жерін әсем жырларында арқау етті. Халық батырларының ерлігін өлеңмен өрнектеп, олардың жарқын бейнелерін жасады. Өз шығармаларында халықтар достығын, адамзат бірлігін насихаттаған ол шынайы интернационалист ретінде жарыққа шықты.
Бұл туралы Аманкелді ауданының тумасы, соғыс ардагері, ақын, жазушы Ғабдол-Ғазиз Әмірхамзаұлының 110 жылдығына арналған Рудный қаласында өткен ғылыми конференцияда айтылды. Іс-шараның ашылуында ақын, журналист, Рудный қаласының құрметті азаматы Арман Хасен ақынның осы еңбектеріне, ұстаздық қызметіне, соғыс майданындағы жасаған ерліктеріне тоқталып, жүрек жарды лебізін білдірді.
«Аманкелді ауданы, Қарасу ауылындағы Жасбуын орта мектебінің 1936 жылы кірпішін қалап, сол мектепте директор болды. Ұлы Отан соғысынан аман-есен оралып, зейнеткерлікке шыққанша 30 жыл бойы ұстаздық қызметін атқарды, қаншама жанды тәрбиеледі.1940 жылы Жасбуын жеті жылдық мектебінде өзінің алғашқы түлектерін ұшырды. Бірнеше өлең, поэмалары баспасөзде жарияланған бәйгелерде жүлделі орындарды иемденіп жүрді. «Жетімерген», «Тыныбай тоспасындағы айқас», «Өшпес мұра», «Торғай толғауы», «Ең ақырғы шайқас» сияқты туындылары жергілікті оқырмандарға жақсы таныс. Атауларынан көрініп тұрғандай, бұл шығармаларда халқымыздың бастан кешкен тарихи оқиғалары көркем сөз өрнегімен баяндалады», – дейді Арман Сәбитбекұлы.
Арқалық қаласынан келген абыз Ғабдол-Ғазиздің ұлы Ниязбек пен Шәмшия асқар тау әкелерінің үлгілі істерін, берген тәрбиесімен қатар, елге сыйлы, қадірлі азамат болғанын айтып, естеліктерімен бөлісті.
«Әкеміз терең білімді, әдебиетті зерттеуге бейім, тарихшы, шежіреші кісі болған. Өмірде табиғатынан нәзік жүректі, өте кішіпейіл, елгезек жан, ұстанымына берік кісі еді. Арқалық қаласында білім алып жүргенімде семестр аяқталғанда мен үшін оқып жатқан жеріме арнайы келіп ауылға алып кететін. Демалыс бітіп, оқу басталғанда өзі жатақханама дейін әкеліп тастайды. Кейін тұрмыс құрып, балалы-шағалы болсам да өз бетіммен кассаға бару үшін жан-жағыма жалтақтап тұратынды шығардым. Сол жерде әкем келіп, билетті өзі алып жатқандай көрінетін де тұратын. Үйдегі жалғыз қызы болғасын ба, әйтеуір маған деген қамқорлығы осындай ерекше-тін. Шығармашылығына келсек, әкеміз үлкен ақын. 2015 жылы жарық көрген “Дүние шуылы жоқ, неткен тынық” атты кітабында өлеңдерінің бір бөлігі басылып шықты.Ақынның жәдидше төте жазуымен және латын қарпімен жазған біршама еңбектері сарғайған парақтарда әлі күнге дейін сақтаулы тұр», – дейді Шәмшия Ғабдол-Ғазезқызы.
Ол – кешегі кемеңгер Дәмолдалардың соңғы сарқыты еді. Ол жыраулар поэзиясынан басталып, Нұржан, Нұрхандарға келіп тірелген замана жырдың жаршысы еді… Дос-жаран, ауылдастардың ортасында сыйлы кісі болды. Өмірінің соңына дейін қолынан қаламы мен жайнамазы түспеді.
1968 жылы есту қабілетінен айырылса да, ақындықтан еш күдер үзбеді. Ел аузынан шешендік сөздерді жазып алып, оларды жинақтады. Көптеген еңбектері газет беттерінде жарық көрді.Бұл жайында осы тақырыпты қолға алған Рудныйдағы әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің студенттері ақын жайлы зерттеулерін ортаға салды.
«Жәдидше жазылған ежелгі ескі мұраларды дәл бұл кісідей тап басып танып, қағазға түсіретін үлкен еңбекқор ақын енді Торғай топырағында жоқ. Бірақ, қазақ халқымыз «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деп бекер айтпаса керек. Адамзат баласының ғұмыры қысқа болғанымен, артында өнегелі істері қалып, белгілі бір саланы мықты меңгеріп, өзі өмірден өтсе де, еңбегі мен қызметі, айналасындағы адамдарға жасаған жақсылықтары мен жанына жақын тарта білетін жылылығы естен кетпейтін жан ретінде елі айта жүреді. Ғабдол-Ғазиз Әмірхамзаұлы сондай адамдардың бірі. Қазірдің өзінде ол жайында білетіндер, еңбектерін есте сақтап жүретіндер бірталай. Сіздер бар, біздер бар және болашақта да бұл есім ұмытылмайды», – дейді Ы. Алтынсарин атындағы әлеуметтік-гуманитарлық колледжі» 4 курс студенті Земфира Айрақбаева.
Иә, Абыз атаның кіршіксіз таза жан дүниесі мен қарапайымдылығы, адами һәм ақындық тазалығы өскелең ұрпақ үшін де, замандастары үшін де үлгі еді. Өзі қалам тартқан шығармалары мен оқыған жанды тебірентер өлеңдері, газет бетіне түсірілген мақтаулы мақалалары, ел аузынан жинаған шешендік сөздері, өзі кие тұтқан Файыз ағасынан аударған аудармалары, аталар шежіре тарихы алғашқыда кітап болып дүйім жұртқа паш етілмеген еді. Бұл Абыз ата аманатының қоры болатын.
«Қаншама дарынды тұлғалар мен қоғам қайраткерлерін тәрбиелеп шыққан бұл мектепте Ғабдол-Ғазиз ата жасаған жақсылығының ұшы-қиыры жоқ. Ол кісінің келесі аманаты да осы мектеп деп білемін. Егер Жасбуын орта мектебіне ат қою керек болса, онда осы мектептің негізін салушы үлкен ақын, ұлағаты ұстаз, майдангер, Ғабдол-Ғазиз Әмірхамзаұлының атын қою Құдай алдында да, адам алдында да орынды болар еді деп ойлаймын. Абыз атаның еңбегін ұмытуға болмайды», – дейді Ы. Алтынсарин атындағы әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің 4 курс студенті Ақерке Иният.
Ендігі кезекте Абыз ата аманатын емес, осындай киелі де нар тұлғаның есімін ұмытпауды, ғасыр сайын жаңартып отыруды бұйырған Алла аманатын орындау парыз.