«Мерекелік сый-құрмет» акциясының кезекті кейіпкерлері – есімдері оқырмандарымызға етене таныс тұлғалар Ермекбай Хасенов пен Ким Зон Хун. Бірі танымал қаламгер болса, екіншісі – кәнігі фотограф. Қос зейнеткерге сый-сияпат көрсетуге «Эксперт» компаниясының директоры Юлия Бубнова демеушілік жасады.
Ермекбай Қайыпұлы Хасенов – танымал қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі. ҚР Мәдениет қайраткері, Әуликөл ауданының құрметті азаматы. «Қостанай таңында» журналист болып қырық жылдай жұмыс істеді. Осынша уақыт бедерінде қалтқысыз қызметі үшін аз абырой-беделге ие болмады. Көптеген марапат-мадақтың иегері атанды. Оның «Батыр Сұлтан» атты деректі повесі, «Өнегелі ғұмыр» хикаяты, «Көгілдір орамал» атты повесі бар. Әлі күнге дейін қаламын қолынан тастамай келеді. Қарт қаламгер бүгінгі ізбасарларына ұдайы ақылшы, тілекші болып отырады. Құттықтай, марапаттай барған бастамашы топты разылықпен қарсы алып, рахметін жаудырды.
Ким Зон Хунның аты-жөні де «Қостанай таңының» тұрақты оқырмандары үшін өте жақсы таныс. Ол осы басылымда фотокорреспондент болып 1976 жылы орналасқан. Шебер фотограф отыз жыл қызмет етіпті. Бүгінгідей технологиялық мүмкіндіктердің аз кезінде-ақ тұтас редакцияны сапалы суретпен қамтамасыз етіп отырған тәжірибелі маманды көзкөргендері әлі күнге дейін тамсаныспен еске түсіреді. Бүгінде облыс орталығында өмір сүретін зейнеткеріміз де науқан аясындағы құрмет-қошеметтен шет қалған жоқ.
Сондай-ақ, кезінде газетіміздің Рудный, Лисаков қалаларындағы меншікті тілші болып қызмет атқарған журналист, зейнеткер Ханзипа Кәкімжановаға да ақшалай сыйлық тағайындалды. Астана қаласындағы апайымызға марапаты жолданатын болады.
Айта кетейік, акциямыз облыстық Әйелдер күштері альянсының қолдауымен қолға алынған болатын. Науқан сәтті жүзеге асып жатыр.