Ақтөбедегі тартысты ойын “Тобылдың” пайдасына аяқталды 

Ақтөбедегі тартысты ойын “Тобылдың” пайдасына аяқталды 

“Тобыл” “Ақтөбеге” қарсы қонақтағы ойынын қарымта шабуылдармен бастады. Үсті-үстіне жасалған тойтарыстың нәтижесі бұрыштамалар сериясына жалғасты.

Футболдан Қазақстан чемпионаты 13 турынының ең қызықты ойынында он алтыншы минутта есеп ашылды. Гол авторы – біраз үзілістен кейін алаңға қайта оралған Ислам Чесноков. Ол бұрыштамадан келген допты сол аяғымен қайшылап қақпаға енгізді. Араға он минут салып қостанайлықтар екінші рет қарсыластар қорғанысын бұзды. Қорғаушылардың қателігін сәтті пайдаланған Ахмед Әл-Мессауди ортамен сол жақтан ойысқан Девид Эненді тауып алды. Девид ойланбай артта келе жатқан Жаслан Жұмашевқа қалдырды. Ол шабуылды бастаған Ахмедке қайта сырғытты. Әл-Мессауди екінші голдың авторы атанды. Алғашқы таймның қосымша уақытында Иванович қақпаға үшінші голды тоғытты. Бұл керемет комбинация Ахмед Әл-Мессауди, Девид Энен, Игорь Иванович үштігімен жүзеге асты. Ойынның екінші бөлігі басталар тұста қонақтардың қарқыны бәсеңдеді. Керісінше, “Ақтөбенің” толассыз шабуылдары пенальтилер сериясына ұласты. Төреші  аз уақыттың ішінде қостанайлықтар қақпасына екі бірдей он бір метрлік айып добын белгіледі. Ақтөбеліктер есепті теңестіруге сәл қалғанда, Ислам Чесноков қарсыластардың екі бірдей қорғаушысын қапы қалдырды. Екінші таймның қосымша уақытында “Ақтөбе” есеп айырмасын қысқарта алды. Жалпы есепте 3:4 нәтижесімен “Тобыл” “Ақтөбеден” басым түсті. Осылайша, 19 ұпаймен турнир кестесіндегі үздік төрттіктің қатарына жайғасты.

Сурет “Тобыл” футбол клубының инстаграм парақшасынан алынды

Жаңалықтармен бөлісу