Ақмарал Науатбек — XVII жазғы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы

Ақмарал Науатбек — XVII жазғы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы

Пара дзюдодан 48 кг салмақ дәрежесінде (J2 санаты) белдескен Ақмарал Науатбек Париж Паралимпиадасының жеңімпазы атанды. Финалда ол Франция өкілі Сандрина Мартинеден басым түсіп, алтын жүлдеге қол жеткізді.

«Ақмаралды Паралимпиада ойындарының чемпионы атануымен шын жүректен құттықтаймын! Отандасымыз финалға дейін барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, финалда жарыс қожайынын сан соқтырды. Пара дзюдодан Қазақстан тарихында әйелдер арасында тұңғыш әлем чемпионы атағын жеңіп алған Ақмарал енді міне, ел тарихында дәл осы спорт түрінен Паралимпиадада топ жарған алғашқы спортшы атанып отыр. Ол былтырғы пара Азия ойындарында да қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа таққан еді.

Отандасымыздың бұл жеңісі елімізде пара спортпен айналысатын жандарға үлгі-өнеге болды деп ойлаймын. Ел мерейін өсірген жеңістері үшін алғыс айтамын. Ақмаралға зор денсаулық, бақыт және спортта жаңа жетістіктер тілеймін!», – деді министр.

Айта кетейік, Ақмарал Париж татамиінің жартылай финалында түркиялық Джахиде Екені, ширек финалда үндістандық Кокиланы иппонмен жеңген еді.

ҚР Туризм және спорт министрлігі

Жаңалықтармен бөлісу