“Ақ орамал” республикалық акциясы Қостанайда өтті

“Ақ орамал” республикалық акциясы Қостанайда өтті

Халқымыздың дүниетанымында ақ орамалдың философиялық мағынасы тереңде жатыр. Ақ түс – абыройдың, ізгіліктің, адалдықтың белгісі. Ал, орамал – тазалықтың, нәзіктіктің нышаны және бір әулеттің келіні, отанасы, біреудің Құдай қосқан жары екеніңді білдіреді. Ертедегі қазақ әйелдері ақ жаулықты құрметтеп, әдеп сақтаған. Кейін, заманның ағымына сай орамал тағу үрдісі өгеріске ұшырады.

Бүгінде ақ жаулықты көбінесе үйде, отбасы-ошақ қасында жүргенде таққанымыз болмаса, қоғамдық жерде, жұмыс орнында ақ жаулықпен жүрген келіншектерді сирек кездестіреміз. Осы орамалдың қасиетін, кимешектің мағынасын түсіндіріп, тарихтан сыр шерткен акция Қостанайда өтті.

“Ақ орамал” деп аталған ерекше акцияны Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесі “Қазақ аналары” қоғамдық бірлестігімен бірлесіп өткізді. Бұл республикалық акция ұзақ жылдан бері жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Биыл іс-шараның ауқымы кеңейіп, Бірлік күні мерекесіне орайластырылды. Оған қостанайлық жастар да белсене үлес қосты. Әсіресе, студенттер көбірек қатысып, орамал тағу, шаш өрудің түрлі  әдіс-тәсілдерін меңгерді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияға Тобыл қаласындағы ауылшаруашылық колледжі мен Қостанай тұрмыстық қызмет көрсету колледжінің студенттері қатысқан. Облыстық аналар кеңесінің мүшелері жастарға шаш өру түрлері мен орамал тағу тәсілдерін үйретті. Сондай-ақ, “Қоғамдық келісім” мекемесінің сахнасында “Ақ кимешек” театрландырылған қойылым ұсынылды. Қостанай ауданындағы Октябрь ауылынан келген “Еркемай” би тобы өнер көрсетті. Өнерлі ұжымның жетекшісі Жеңіскүл Омарова бастаған бишілер көрерменді тәнті етті.

– Орамал – қазақ әйелінің ең құнды бас киімінің бірі. Оның қасиеті жоғары. Ақ орамалдың мән-мағынасының астарында отбасыңа деген адалдық, жылулық, мейірім сияқты жылы сезімдер жатыр. Орамалдың қадір-қасиетін одан әрі арттыру мақсатында жиналып, жастарға насихаттаудамыз,- деді Рудный қаласынан келген қатысушы Шәмшия Қайыркенова.

 

Қымбат ДОСЖАНОВА.

Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

 

 

 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу