Бүгін Рудный қаласында салт-дәстүр күніне орай “Асыл әжем, Ақ әжем” қалалық байқауы алғаш рет ұйымдастырылды.
Оған “Қазақ аналары – дәстүрге жол” республикалық қоғамдық қоры бастама болды.
“Президентіміз барлық салт-дәстүрімізді күнделікті қолданысқа енгізуді кеңейтіп, жақсы жолға қойып отыр. Барлық жерде онкүндік жаппай қолға алынып, осындай іс-шаралар өтіп жатыр. Біз де осы бастамаға атсалысу үшін әкімнің қабылдауында болып, ол кісі үлкен қолдау білдірді. Байқауға қатысушыларға тапсырмаларды төрт бағдарлама бойынша бәріне бөліп бердік. , – дейді байқаудың ұйымдастырушысы Нинагүл Пушаева.
Байқаудың ерекшелігі, қатысушы әжелер салт-дәстүрді келіндерімен бірге сомдап, ізгі өнеге көрсетуінде болып отыр.
“Әл-Фарабидің: “Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы” деген сөзі бар. Бұл келешек ұрпаққа тәрбие беретін бастама. Барлық салт-дәстүр осы тәрбиеден басталады”, – деді республикалық “Отандастар” қоры облыстық филиалының жетекшісі Нәзира Жәрімбет.
Қатысушылар түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Мейірімді ана номинациясы Маржан Өтебаеваға берілді. Ханзада әже – “Асыл әже”, Завира әже – “бұлбұл әже”. Дәрігүл әже – “Өнегелі әже” атанды. Күләш әже – “Білімпаз әже”, Нәбира Айтмұратова – “Шебер әже” номинацияларын иеленді.
“Қазақ аналары – дәстүрге жол” республикалық қоғамдық қоры тарапынан Нинагүл Қосжанқызына алғыс хат табыс етілді.
Байқауға Рудный қаласының әкімдігі, жергілікті кәсіпкер Жанат Байдоллаева, республикалық “Отандастар” қорының облыстық филиалы, қалалық ардагерлер ұйымы қолдау көрсетті. Іс-шараның өтуіне демеу болған жанашыр жандарға ұйымдастырушылардың алғысы шексіз.
Зал көрерменге лық толы болды. Қатысушы әжелерге балалары, немере-шөберелері өздерінің қошеметтерін білдірді.
Байқауда енеменен келін арасындағы байланыс, қазақша жоралғы жасау салт-дәстүрлері кеңінен көрініс тапты. Қайынағаға құрмет көрсетіліп шапан жабылды, абысын жас келінге ірге көрсетті. Бұл байқауды ұйымдастырушылар жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.
Карина ӘЛЖАН
Рудный қаласы