АПАТ ҚАЙТСЕ АЗАЯДЫ?

АПАТ ҚАЙТСЕ АЗАЯДЫ?

Облыста жол-көлік оқиғалары азаймай тұр. Бұған көлікке мас күйінде отырып, рөлді тізгіндегендер де әсерін тигізбей отырған жоқ. Мәселен, жыл басынан  бері көлікті мас күйінде айдаған 707 жүргізуші ұсталып, оның 257-сі көлік жүргізу құқығынан айрылып, 310-ы қамауға алынған.

Жол-көлік оқиғаларының көбейгендігі билік өкілдерін де алаңдатып отыр. Жуырда ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқасында Мемлекет басшысының өзі  мұның   “ел үшін нағыз қасірет” екенін айтқан еді.

Биылдың өзінде облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының саны 17,6 пайызға артқан. Жол апатынан жарақат алғандардың саны 30,3 пайызға өскен. Тек, көз жұмғандардың қатары 25 пайызға кеміген. Өңір бойынша жол-көлік оқиғасының басым бөлігі Қостанайда тіркелген. Биыл облыс орталығында 81 көлік апатқа ұшырады. Арқалық қаласы мен  Б.Майлин ауданында да жол апаттары жиі тіркелген. Абырой болғанда мұнда өлім-жітім жоқ. Ал, керісінше Сарыкөл, Қарасу, Қарабалық аудандарында болған ЖКО-сы кісі өлімімен аяқталды.

-Биыл  тәртіп сақшылары  48 мыңға жуық жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесті. Бұл өткен жылғы деректермен салыстырғанда 26%-ке артық. Ереже бұзғандарға 1,8 млрд. теңге айыппұл салынды. Көлікті мас күйінде тізгіндеген 707 жүргізуші ұсталды. Оның 257-сі көлік жұргізу құқығынан айрылып, 310-ы қамауға алынды. Күн сайын кем дегенде үш-төрт мас жүргізуші ұсталады.  Алты ай ішінде жол сақшыларының ескертпесін елемей, масаң күйде қайта көлік тізгіндеген 60 адам құрықталып, оның 50-і бас бостандығынан айрылды, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Алексей Милюк.

Кеңесте облыс әкімі Құмар Ақсақалов жол-көлік апаттарының алдын алу үшін, тиісті шараларды күшейту қажеттігін ескертті. Оның айтуынша, бүгінде облыс орталығында жеңіл көліктің саны  80 мыңға  жуықтаған. Бұған келімді-кетімді көліктерді қосыңыз. Өңір басшысы жол апатының алдын алу үшін қала ішіндегі бағдаршамдардың жұмысын жетілдіріп, бейнебақылау камераларының қатарын ұлғайтуды тапсырды.

Үстіміздегі жылы жол-көлік оқиғаларын бақылайтын алпыс шақты “Сергек” автоматтық жүйесін және бір мыңнан астам сыртқы бақылау камералары орнатылатын болды. Олар жол апаттарын мейлінше  азайтуға мүмкіндік береді дейді мамандар.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу