Менің бүгінгі әңгімем Совет Одағының батыры атағын екі мәртебе алған, кезінде аты аңызға айналған қыранымыз Талғат Бигельдинов туралы болмақ. Ол кісімен бір кездерде мен де ойламаған жерден кездесіп, дәмдес болған едім. Ол да есте қалатын, қуанышты шақтарымның бірі еді.
1965 жылдың қысы болуы керек, облыс орталығынан 160 шақырымдай жердегі Қарасу деген ауданға сақылдаған сары аязда іссапармен барып едім. Аудан орталығында екі мейманхана бар екен, бірі жалпы қонақтарға, ал екіншісі аудандық партия комитеті ғимаратының ішінде. Әрине, соңғысына сыйлы қонақтарын жібереді де, ал қалған қара халықты сол коммуналдық шаруашылықтың мейманханасына орналастырады екен. Арнайы қонақтарға арналған мейманханада теледидар, тоңазытқыш, жаңа жиһаздар сияқты керек жарақ болса, ал жалпысы әйтеуір қонып шығатын, өзі ластау әрі салқын бөлмелерден тұратын жатақ есебінде… Кешке орталықтағы күндіз асхана, кешке ресторан деп аталатын жерден ауқаттанып отырсам, бір үстелден кейін мен жаққа қарсы қарап, Талғат ағамыз стол басында тамақтанып отыр. Жанында азаматтық авиацияның ұлты орыс екі ұшқыш жігіті бар. Бала кезімізде кітапханалардан іздеп жүріп оқитын кейіпкерімді осындай жерде кездестірем деген менің ойыма келер ме. Өз көзіме өзім сенбей, үстел басындағыларға түксірейіп тағы қараймын. Иә, дәл сол кітаптардың мұқабаларында ұшқыш формасын киіп, күлімдеп тұратын, жайдары жүзді қыран ағамыздың дәл өзі. Жас кезде бет бейнесі ойда сақталған батыр ағаны басқа кісімен шатыстыруға бола ма?!
Алдында еститінмін, ол соңғы кездерде азаматтық авиацияда, ұмытпасам күрделі құрылыс жағын басқарады, не ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында жұмыс істейді деп. Қайсысы болса да, өте жауапты қызмет екенін білетінбіз. Айта кететін бір жай – сол кезде көзге көрнексіз Қостанай аэропортының күрделі жөндеуден өтіп пайдалануға берілгені осы ағаның арқасында екенін соңынан естідік. Осындай іргелі істер аудандардағы әуе нысандарында да жүргізіліпті. Бұл кісілердің үстіндегі азаматтық авиацияның формалы киімі болжамыма қосымша негіз болды. Жасым отызға келсе де, жас баладай қобалжып жанына келіп:
– Кешіріңіз, сіз Талғат ағай емессіз бе? – деп орысша сұрадым. Соңынан, күте тұрып, тамақтанып болғаннан соң неге сұрамадым, осы мәдениеттілікке қашан үйренеміз деп өзімді өзім бір іштей жазғырып тастадым. Жақтырмай қалса, ұят болады емес пе деген ой да келді.
– Иә, Талғат Якубековичке ұқсаса, сол кісі болғаны деп жанындағы бір пысықтау сары жігіт ойынға айналдырып күлді.
Менің қысылып тұрғанымды сезіп, Талғат ағамыз таза қазақша «отырыңыз, інішек» деп жанындағы бос орындықты көрсетті. Аспаннан күткенім жерде болғанда облыс орталығынан алыс осы бір ауданда, сырт көрінісін айтпағанда, ішіп-жейтін ас суының өзі сын көтермейтін асханада, аты аңызға айналған ағаның жанында отыру мен үшін бір күтпеген жерден келген бақыт болды. Ағамыз қазақша аты-жөнімді сұрап, кәдімгі көптен көрмеген жақын адамдай ілтипат көрсетті. Мен де содан кейін арқамның қыртыс-тыртысы жазылғандай болып, еркін сөйлесе бастадым. Не керек, әңгіменің соңында, ол кісінің аузына қараумен дұрыс кешкі тамағымды ішпегенімді сезді ме, мені орналасқан нөмеріне шақырды. Жоғарыда айтқан селолық мейманхананың үш орындық нөмірі туралы не айтып жатайын. Ескі кереует, ұзақ уақыт ақбалшық көрмеген, шимайлап неше түрлі аттар мен сөздер жазылған қабырға, нашар жабылатын есік, сыртқы желдің де лебі байқалатын бөлме. Мен өзім осы өңірдің азаматы есебінде, мына көрініске ұялып жерге қарадым. Ол кез біздің алтындарымызды кейбір басқа ұлт өкілдері көп көзге іліп ардақтай қоймайтын заман еді ғой.
Нөмірге кірген соң, Тәкең жанындағы қошеметтеп жүрген жас жігітке:
– Інімізге шай берейік, дайындық жаса, – деді. Көп ұзамай алюминий шәйнек те буы шығып келіп қалды, асханадан әкелген тамақтарды жайып ас ішуді жалғастырдық. Шіренген тәкаппарлық мінез батырда жоқ екен, үстелді мәзірлеуге өзі араласып, сөзбен көмегін тигізіп жатыр. Бір кезде ағасы жолдасына:
– Суық шайды алуды ұмытып кетіппіз ғой, – деді.
– Талғат Якубекович, біздің жақта күн суық, бір кәдеге жарап қала ма деп қаладан шыққанда аз-мұз спирт алып шығып едім, рұқсат етсеңіз, – деді жаңағы жылпос сары жігіт. Сөйтті де, сөмкеден аузы бұрандалы бір үлкен ыдысты алып шықты.
– Жарайсың, Сергей. Соғыста осы сендей тапқыр пулеметчигім болып еді, құй онда, – деді.
Әлгі Сергейім мейманхананың шай ішетін стақанына жүз грамдай сұйық затын құйды. Үлкен кісіден сый-құрмет көріп жатқаныма риза болғаным шығар, оның спирт екені есімнен шығып кетіп, екінші рет сұратып жатпай, не болса о болсын деп стақанды тартып жібердім. Не керек, жаңағы ішімдік ащы судан да күшті екен, мені тез қыздырыңқырап жіберді. Әңгіме манағыдай емес, жандана түсті.
Сергей Луганскиймен осы кісінің ағалы інілідей болып, аспанда үзеңгі тіресіп талай ерлік жасағаны туралы бала кезімде көп оқығанмын. Сондай шайқастардың бірер эпизодын айтып едім, Тәкең маған сондай риза болып қалды, жанындағы жолдастары да қазақша түсінетіндей бастарын изесіп жатты.
– Тәке, немістер сіздің аспанға көтерілгеніңізді эфирдегі дауысыңыздан танып, аспанда «13 нөмір» деп дабыл қағыпты, осы рас па? – деп сұрадым.
– Әр ұшқыштың өзіне ғана тән ерешіліктері болады, біз бір-бірімізді дауысымыздан ғана емес, сол шабуыл жасау, айла-тәсілдеріміз арқылы да танитынбыз, – деді батыр аға.
– Ағасы орыста «13» деген нөмірді әртүрлі сенімдермен байланыстырып онша ұната қоймайды. Сізге осы сан қайдан жабысты? – деп сұрадым.
– 1943 жылы Саратов қаласындағы әскери ұшқыштарды дайындайтын курстарды тәмамдап, әскери бөлімге келгенімде, маған осы нөмірлі машина бұйырды. Өзі тозығы жеткен, жау оғынан сау жері жоқ, аэродромның шет жағында тұрған бір самолет екен. Қарасам стабилизаторында 13 деген сан жазылыпты. Жағымсыз санға қарап көпшілік бұл машинаға отырғылары келмейді екен. Ол бірақ маған ұнап кеткендей болды. Осы ұшақпен талай жауынгерлік тапсырмаларға аттанып, аман-сау базаға оралып отырдым, маған құтты нөмір болды, – деп бір жымиып қойды ол.
Сол кеште Тәкең балалық шағын, ата-анасын, оқыған мектебін, ұшқыштар дайындайтын курстарын, соғысқа бірге қатысқан жауынгерлік жолдастары туралы көбірек сөз етті. Байқағаным, ол өзінің ерліктері туралы айтуға сараң екен. Ата-анасының тапқан табысы күнделікті күнкөріске жетер-жетпес болғандықтан, ағамыз еңбекке ерте араласыпты. Орта мектептегі және авиаклубтағы оқуды қатар ұштастырып, екеуін де ойдағыдай тәмамдағаннан кейін, Саратов қаласындағы әскери ұшқыштар дайындайтын училищеге түсіпті. Кәмелетке жасы толмаған Тәкең осы кездерде соғысқа сұранып әскери комиссариат пен осы училище бастығы кабинетінің табалдырығын тоздырыпты. Бұл арманы тек 1943 жылы орындалған.
– Аға, сіз бірінші награданы Ұлы Отан соғысында қандай ерлігіңіз үшін алдыңыз және ол кезде неше жаста едіңіз? – деп сұрадым.
– Бірінші самолетке отырғаным, бірінші рет жауынгерлік тапсырманы орындағаным, әрине бірінші алған жауынгерлік наградам осы күнге дейін көз алдымда. Бойымның кішілігінен көп опық жедім. Авиаклубқа, одан қалды әскери училищеге оқуға түсуге де осы бойдың кесірі тиді, – деп күлімдеп қойды ол. – Себебі, сырт пішінім балаға көп ұқсағандықтан, мені жасын ұлғайтып жүрген бір жасөспірім бе деп те күдіктенген кез болды. Бірақ мен қайтпас қайсарлығым мен еңбекқорлығымның арқасында өзіме деген дұрыс сенімге ие болдым. Бұл да маған оңайға түскен жоқ. Самолеттің штурвалына бірінші рет авиаклубта отырдым. Ол кішкентай бір моторлы машина еді. Әлі есімде ұшқыштың креслосына отырғанымда қуанышымды тоқтата алмай айқайлап жібергенім. Өзі кішкентай машинаның педалына аяғым жетпей, қиналып жатсам, бір жолдасым жерде тұрып әзілдеп, «сен қайдасың, орындыққа батып кеттің ғой, астыңа кішкене жәшікше қойып отырмасаң жолды да көре алмайсың» деп күліп еді. Шынымды айтсам, мен ылғи астыма парашюттың қабын, соңынан әскери самолетпен ұшқанымда астыма сырты былғарымен қапталған көрпеше салып жүрдім, – деп балаша шындығын айтты.
Талғат ағаны тыңдап отырғанда, әртүрлі ойға кеттім. Бір кезде есімі Одаққа белгілі болған азаматымызды қазір неге алақанға салып қадірлей алмаймыз, әлде әр нәрсе уақытында ғана деген қағиданы ұстанғанымыз ба?
– Талғат аға, оылыстық партия комитетінен бір қатардағы нұсқаушы келсе, аудан басшылары аяқтарынан тік тұрып, жік-жапар болып жатады. Сізбен бірге неге облыстық комитеттен бір өкіл келмеген? Аудан басшылары да тым-тырыс, осындай екі мәртебелі Кеңес Одағының батырлары, осы алыс ауданға іссапармен күнде келіп жатыр ма? – дедім.
Ең болмаса, аз уақыт мектептердің, ол кезде кәсіби училищелердің де бар кезі, солардың оқушыларын жинап, Батырмен кездесу ұйымдастырып жіберсе, оның патриоттық тәрбие берудегі маңызы арта түспес пе еді. Естісе бүкіл аудан басы жиналатынына күмән туғызуға бола ма. Әрине, тайлы-таяғына дейін, оның ішінде соғыс ардагерлері – бәрі жиналар еді. Әттең, сол кездегі үлкен саясаттың салдары-ай деуден басқа бұған нақтылы дәлел таба алмадым.
Тағы бір байқағаным, Тәкең өте ұлтжанды кісі екен. Советтік идеологияның кемеріне келіп тұрған кезінде, кейбір ұлт мәселелерін жалтақтамай ашық айтып отырған ағама іштей риза болдым. Ол кезде мұндай сөздерді айту түгілі, бас изеп құптаудың өзі қауіпті еді. Ол кісінің сөз саптауына қарағанда, Тәкеңді облыс басшылығынан, біріншіні айтпағанда басқа да жауапты кісілер қабылдамаған болып шықты. Қазақ халқына қаны ұйымайтын облысты билеп отырған кісіден не көрегендік, мәдениеттілік күтуге болады. Ең болмаса облыстық авиажасақтың бастығы жанына еріп жүрсейші. Ол да облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының шашбауын көтеріп жүрген басқа ұлт өкілі еді. Осындай жаужүрек ағалардың арқасы емес пе еді, бүгіндері талтаңдап, адам болып жүргендерің деген ой келді. Ертеңіне аудан басшысына кіріп, жағдайды айттым. Ол да бір бізге жүрегі елжіреп тұрмаған, Еңбек Ері атағы бар кісі еді. Білмедік, облыстан ешкім қарсы алыңдар деп хабарламады деген сияқты сылтау айтты. Бірақ та жүзінен ешқандай таңқалушылық ишаратын сезбедім…
2014 жылдың қараша айы. Алматы қаласында ҰҚК-нің госпиталында ем қабылдап жатқан кезім еді. Талғат ағаймен соңғы қоштасу болып жатқанын теледидардан көріп дәрігерден сұранып қала ортасындағы 28-ші панфиловшылар атындағы саябаққа тез жеттім. Қала тұрғындарының көпшілігі сондай, ағаның мәйітіне жақындауға мүмкіншілік болмады. Батыр ағамыз 2014 жылдың 10 қараша күні Кеңсай зиратына жерленді.
Иә, ел ағаларын сыйлау – бүгінгі жастарымыздың ұлт алдындағы өтелмес бір парызы. Соны естен шығармайық, ағайын! Талғат аға халқымыздың мақтанышы. Сондықтан, Қостанай қаласының бір көшесіне аты аңызға айналған осы кісінің аты берілсе нұр үстіне нұр болар еді.
Ғалихан МӘУЛЕТОВ,
Тыл еңбеккері, ҰҚК органының құрметті ардагері
Қостанай қаласы
Суреттер ашық дереккөздерден алынды.