Менің анамның есімі – Эльмира. Әркімнің өз анасына деген махаббаты шексіз. Мен де Анамның маған сыйлаған мәнді өмірі үшін алғысымды айта отырып, өз ойымды жеткізгім келеді. Өйткені кез келген перзент үшін Ананың жөні бөлек, құрметі де ерекше.
Адам бойындағы барша асыл қасиет күннің нұрынан, Ананың сүтінен дариды. Кез келген адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы, ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Себебі, Ана – құдіретті жан. Жарық дүниеге әкелген адам, Ана алдында бәріміздің де бас иетініміз сондықтан. Адалдық пен мейірімділік, еңбекқорлық пен парасаттылық, ақжарқын көңілділік, сыйластық, сұлулық, жібектей мінез, ерекше қамқорлық, барлығын бір өзіңнен көріп сезінетін едім.
Балалықпен кейіде әр нәрсенің байыбына бойлай алмай, әлемде ең ақылды, ең сұлу жанның тап қасымда жүргенін кейде сезіне де бермейсің.
Асыл анамның ақыл-кеңесі, берген ұлағатты тәлім-тәрбиесі мені өмір бойы адастырмай алға жетелейтініне күмәнім жоқ. Бұл менің жүрегімді жарып шыққан – имандай шындығым. Әрине, анам болмаса, анамның тәрбиесі болмаса бүгінгі жетістіктеріме жете алмас па едім…
«Балам, қашанда жақсылық жаса, әрбір күннен жақсылық күт, бірақ жасаған жақсылығыңды еш уақытта ешкімге міндет қылма» – дейтін ғибратты сөздері менің жадымда мәңгілік сақталып, өмірлік ұстанымыма айналуда. Менің анам шексіз құдіреттің иесі. Тәрбиенің кілті ананың қолында, ең құнды мектеп – отбасы мектебі. Ертегіден эпосқа дейінгі рухани қазынамыздың қайсар көзі ананың әлдиінде жатыр. Кейде өзіммен-өзім оңаша отырып, балалық күндерімді бір сәт еске алсам, ең алдымен есіме Анам түседі. Анамның махаббаты соншалықты нәзік, соншалықты кәусар, онымен дүниеде жан адам да бөлісе алмайтын тұңғиықты терең құбылыс екенін сезінемін.
Анам тазалық туралы көп айтады. Тазалық деген тек беті-қолды жуып жүру ғана емес. Ішкі дүниең, ой-ақылың, ниетің, жүрегің мен тілегің таза болмаса «тазалық» деп ойлаудың қажеті жоқ. Ең алдымен, өз ой-парасатың таза болсын. Бірінші кезекте арың таза болуы керек, қалғаны бұйырса, өз жолымен келе береді – деп отырады. Әрбір сәтті қадамымызға қуанады, аналық ақылын айтудан талған емес.
Шығармаларының біразын Ана тақырыбына арналған жиырмасыншы ғасырдың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов бір әңгімесінде: «Мақтасақ – әйелді мақтайық та, құрметтейік те әйелді! Әйел – ана, барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, көзді бұлақ емес пе!» – деген екен. Ана дегенде толқымайтын жүрек, толғанбайтын жан жоқ шығар. Ана әрбір адам баласы үшін ең ыстық, жанға жақын мағыналы да қастерлі сөз.
Қаншама әлемге әйгілі адам болсаң да, Анаңды, оның саған жасаған жақсылығын ұмытпау – біздің өмір бойғы борышымыз еп білемін. Мен осындай кең жүректі анадан туғанымды мақтан тұтамын. Ол кісінің айтқан ақылымен жүріп, атына кір келтірмей адал еңбек етіп анам көрсеткен «атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген қағиданы қолымнан келгенінше ұстанып келемін.
Ана махаббатының шуағына жылынып, мейірімінің бұлағынан суындаған баладан армансыз адам жоқ шығар бұл әлемде. Мен сондай бақытты жандардың бірі екенімді сезінгенде тағдырыма шексіз рахметімді айтамын.
Әлемдегі ең сұлу ана Эльмираға – бұзық қызыңыз Айымнан.
Айым Абдуғалиева,
Қостанай қаласы №28 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы