Анам менің – аялаған ақ гүлім

Анам менің – аялаған ақ гүлім

Мен үшін ең қымбат, асыл да алтын жақыным – анашым! Дүниедегі жұмақ нәрсе – анамыздың аяулы алақаны, дүниедегі ең тәтті нәрсе – анамыздың ақ сүті. Әрбір жанның кішкентай ғана жүрегін елжірететін, санасына сансыз ойлар ұялататын, көздеріне күн нұрындай сәуле төгіп, езуіне жиылмас күлкі сыйлайтын «Ана» сөзінің мағынасы зор.

Маған осынау жарық дүниені сыйлап, түн ұйқысын төрт бөліп, көз ілместен мені әлпештеп, әр басқан қадамымды мұқият қадағалап, сүріне қалсам, лезде жанымнан табылатын, жыласам, жаны ауыратын, қуансам, бақытқа кенелетін, бой жетіп, аяғымнан тік тұрғанша күн демей, түн демей еңбектенетін аяулы да ардақты анама шын жүректен алғысымды білдіремін! Біздің парызымыз – ананың ақ сүтін ақтап, абыройын асқақтатып, еңбегінің жемісін көрсетіп, мейірімге бөлеу. Бала құрсағына біткен күннен бастап, оған өз бойында бар барлық жақсы қасиеттерді дарыта береді. Жақсыны асырып, жаманды жасыра білетін де Ана.Өзі аш-жалаңаш болса да балам киіп, балам жесін дейтін де Ана. Анамыз үшін қаншалықты жақсылық жасасақ та, бұл олардың бізге берген тәрбиесі мен жылулығының орнын толтыра алмас. Мен өмірімнің соңына дейін анама алғыс айтып өтемін. Анашым, сіздің барыңызға мың алғыс!

Марина Тойбол,

Жітіқара қаласының Естай Есжанов атындағы №9  ЖББМ 9-сынып оқушысы

Жаңалықтармен бөлісу