Аналар кеңесінің қорытынды жиыны өтті

Аналар кеңесінің қорытынды жиыны өтті

Қостанай облысы ҚХА Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы бойынша қорытынды отырысы Тобыл қаласының «Алтын дән» мәдениет үйінде өтті.
Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі төрайымының орынбасары, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Камал Әлпейісова және Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Баян Ахатай, сондай-ақ облыс аудандарының Аналар кеңесі өкілдерінің қатысуымен өтті.Спикерлер республикалық Аналар кеңесінің жұмысы туралы айтып, «Салауатты сана» жаңа жобасын таныстырды. Оның мақсаты – қоғамның бес әлеуметтік кеселі: нашақорлықтың, құмар ойындардың, отбасы мен қоғамдағы зорлық-зомбылықтың, вандализмнің, ысырапшылдықтың алдын алу және онымен күресу бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыру.
Облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Шушаник Саркисян қатысушыларды қоғамда мүгедектігі бар адамдарға толерантты көзқарасты қалыптастыру бойынша халықпен кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған бірегей жоба – Хабардар болу онкүндігімен таныстырды. Бұл жоба 5 жыл бұрын бастау алып, Қазақстанда әлі баламасын тапқан жоқ. Баян Ахатай атап өткендей, бұл тәжірибе инклюзивті қоғамды дамыту және мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін басқа өңірлердің Аналар кеңесіне берілетін болады.Облыстық Аналар кеңесінің жұмысы туралы өз сөзінде төрайым орынбасары Ақжан Алтыбаева баяндап берді. Ол 2024 жылы Аналар кеңестерімен жалпы саны 12 мыңнан астам адамды қамтитын 130-дан артық түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілгенін хабарлады. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде ақпараттық жұмыс үшін Аналар кеңесінің – @analar.kenesi.kst аккаунты құрылғанын хабарлады.
Сонымен қатар, «Жарқын жаз» қала шағын аудандарына жазғы сапарлар, «Отбасылық достық лигасы» – интернационалды отбасыларға арналған байқау, Арқалық қаласында өткен «Ардақтайық аналарды» аналар фестивалі сияқты ірі жобаларды атап өтті. Аналар кеңесінің мүшелері студенттермен, еңбек ұжымдарымен, қала және облыс тұрғындарымен көшпелі кездесулерге белсенді қатысқаны туралы баяндады.
Кездесу соңында қатысушыларға қоғамдық өмірге және өңірдегі этносаралық келісімді сақтау ісіне белсенді қатысқаны үшін алғыс хаттар табыс етілді.

Бұдан бөлек, Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі төрағасының орынбасарлары Камал Әлпейісова мен Баян Ахатай “Салауатты сана” қоғамдық жобасы аясында Қостанай Жоғары педагогикалық колледжінің еңбек ұжымымен, сондай-ақ Қостанай білім беру мекемелерінің басшыларымен кездесті.Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали қатысты. Ол Камал Әбілқасымқызына алғыс білдіріп, жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан зор үлесін атап өтті.

Айбек ТАҢАТБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу