“Ана тілің алпыс тілге татиды”

“Ана тілің алпыс тілге татиды”

AMANAT партиясының Қостанай облыстық филиалында «Miras» аймақтық қоғамдық кеңес мүшелері филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, аудармашы Әлпейісова Камал Әбілқасымқызымен кездесу өткізді.

К.Әлпейісова – еліміздегі ілеспе аударма жасауды меңгерген алғашқы білікті маманның бірі. Ұзақ жылдар бойы ҚР Парламенті Сенатының аппаратында, Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарған. Республикалық «Үздік аудармашы» байқауының тұңғыш жеңімпазы. Бірнеше кітаптың, оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Ол ілеспе аудармаға аса қажетті «Мақал-мәтелдердің мағыналық аудармасының сөздігін» құрастырды.

Келелі кездесуде Камал Әбілқасымқызы мемлекеттік тілді дәріптеу мәселесі мен ілеспе аударма тақырыбын қозғады. Жиналғандар тіл жанашырлары ретінде өз ойларын ортаға салды. Рухани мағынаға толы жиында бірқатар ұсыныстар мен жоспарлар айтылды.

«Ілеспе аударма – өте қиын сала. Ол елімізде кештеу қолға алынғанмен, қазір жақсы дамып келеді», – деді К.Әлпейісова.

Кездесу соңында жазушы қазақ тілінің мәртебесін көтеріп жүрген Қостанайлықтарға ризашылығын білдірді. “Қызығушылық танытатын орта бар екенін байқадым”,- дей келіп, жиналған қауымға және алғысын айтты.

Жаңалықтармен бөлісу