Ана тілін өркендетудің тағы бір қадамы

Ана тілін өркендетудің тағы бір қадамы

Қостанайда қазақ тіліне шорқақ адамдарды сөйлеуге жаттықтыратын арнайы клуб жұмыс істейді. Үйлестірушілері Анель мен Ғайни бұл жобаны былтыр жаздан қолға алды. Кейін орын тапшылығы сезіліп, жұмысы уақытша тоқтады.

–Келушілермен жұмыс жүргізетін  еріктілер мен  арнайы ғимаратты жақында таптық, кеше ғана  клубымызды осылайша жаңарттық. Бізге көбіне тұрмыс жағдайында қазақша сөйлемейтін, бірақ ана тілін  жалпы түсінетін адамдар келеді. Олардың дені орыс мектебінде оқып, қазақ тілін кейін жоғары оқу орындарында үйреніп  жүргендер, – дейді “Батыл бол” ұйымының үйлестірушісі Ғайни Әбілпанова.

Сондай қатысушылардың бірі жітіқаралық Дариға Әбікенова.  Дариға мектепте орысша оқыды, сондай ортада өсіп-өнді. Кейін облыс орталығына қоныс аударып, Қостанайдың нөмірі он жетінші мектебін бітіріп шықты. Ұстаздық жолды таңдаған маман бүгінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған 2-интернатта мұғалім-дефектолог.

–”Батыл бол” клубы туралы инстаграмдағы қазақ тілін насихаттайтын парақшалардан білдім.  Мені қатты қызықтырды. Мұндай ортаны көптен бері іздеп жүрген едім. Тілдерді үйренгенді жақсы көремін және шет тілімен ұқсас нәрсе жасауды жоспарладым. Ел болу үшін біріншіден ана тілін білу өте қажет бастама, — дейді Дариға.

Бір қызығы, Қазақ тіліне жанашыр мекеменің қаланың көпе көрнеу жерінде орналасқанына қарамастан, клубқа сұраныс жоғары екені байқалады. Мұқтаж адамдар әлеуметтік желі арқылы керекті орнын тауып алып жатыр. Соңғы ашылғалы онда қатынаушылар саны елуге адамға жуықтады. Ұйымға тәулігіне шамамен он-он бес адам өтініш білдіретінін ескерсек, өңіріміздегі ана тілінің қанат жаюы әлі де мардымсыз екенін көрсетеді. Осындайда елдігіміздің аясын кеңейтіп, үлгі ретінде бір-бірімізбен тек ана тілінде сөйлесейік.

 

Айбек Ғалымұлы.

Жаңалықтармен бөлісу