Аманқарағайда өртке қарсы оқу-жаттығу жиыны өтті

Аманқарағайда өртке қарсы оқу-жаттығу жиыны өтті

Өткен жылғы орын алған Аманқарағайдағы орман  өрті қауіпсіздікті күшейту керектігін көрсетті.    ҚР Президенті қауіпті кезеңнің алдын алуға  дайындық шараларын пысықтауды тапсырған еді. Соған орай алапат өрт болған аумақта арнайы оқу жаттығу өтіп, оған барлық мүдделі мемлекеттік мекеме ұйымдары қатыстырылды.  

Олардың қатарында облыстық ТЖД Өртке қарсы қызмет гарнизонының қызметкерлерімен бірлескен облыстық және аудандық прокуратуралардың өкілдері, “орман шаруашылығы мекемесі”, жергілікті атқарушы органдары, “Қазавиалесоохрана” РМҚК, жергілікті полиция қызметі, медициналық мамандар, ASTEL акционерлік қоғамы, “ҚТЖ ҰК”АҚ өкілдері бар.

– Әулиекөлде орын алған өрттің салдарынан орман ағаштарына айтарлықтай зиян келді. Ондай жағдай орын алмас үшін қауіпсіздікке баса назар аударылып, оқу жаттығуға өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкерлері мен 12 бірлік техника жұмылдырылды, – дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қайрат Қасым.

Атап айтқанда, биыл оқу-жаттығуға 2  өрт сөндіру автоцистернасы, 2  жедел-жеңіл автомобиль, 1 әмбебап және герметикалық шанағы бар автомобиль қолданылды. Оның үстіне, арнайы 2  авариялық-құтқару автокөлігі мен жиынтық аккумуляторлық авариялық-құтқару құралы, 32 жиынтық сығылған ауадағы аппарат сатып алынған. Оқу жаттығу кезінде тік ұшақпен мамандар 150-200 метр биіктікке көтеріліп, өрттің шығу деңгейін анықтады. Өрт сөндірушілер көліктерінің көмегімен жанып жатқан отты сөндіру жұмыстарын көрсетті.

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ

Суреттерді түсірген Б. АХМЕТБЕКОВ

 

Жаңалықтармен бөлісу