Аманкелдіде жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Аманкелдіде жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Батпаққараның дарабоз ақыны, Тобыл-Торғай өңіріне өзінің сырлы сазымен белгілі болған, қазақ мәдениетіне ерекше еңбек сіңірген, ұстаз, әнші, айтыскер  Құтжан Қанжығалиннің ұрпақтарының қолдауымен «Інжудей асыл сөзді жырмен төктім» атты кітабы Қостанайдағы «Қарлығаш»баспасынан жарық көрді.

Аманкелді аудандық орталық кітапханада осы кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылды.
Сән салтанаты келіскен іс-шараға, айтыстың қара нары Құтжан Қанжығалинның қызы Төлетай  Құтжанова  балаларымен арнайы келген. Жырды шын сүйетін өңір тұрғындары сырға толы кеште зор әсерге бөленді.

Алдымен бойына ақындық өнер тамған Құтжан Қанжығалинның айтыстағы орнымен, жеткен жетістігіне тоқталды. Сахна төрінде  аудан әкімі Талғат Карбозов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Балтабай Уахитов  ақынның «Інжудей асыл сөзді жырмен төктім» жыр жинағының тұсауын кесіп, кітапханаға табыстады.

“Бұл кітап арқылы жасөспірім оқушылар, айтыс сүйер қауымға үлкен сый деп білеміз. Міне, бүгінгі кітапты ұлықтаған кешке жиналған қонақтарға алғыс айтамыз! Әке аруағын тірілтіп, артына айтыс өнеріне із қалдырған асқар тұлғаның кітабын елімізге, халыққа сый етіп тартқан Төлеутай Құтжанқызы бастаған ұрпақтарына алғысымыз шексіз”, – деді аудан әкімі Талғат Карбозов.

Иә, Құтжан Қанжығалинның түрлі тақырыптағы жырлары тындарманның жүрегіннен орын тауып, толғандыратыны рас.

Осы ретте Құтжан Қанжығалинның қызы халықаралық додалардың бас жүлдені берми жүрген ақынның қызы Жадыра Құтжанова әкесіне арнауымен бастады. Әдеби іс-шарада ақынның шығармалары орындалып, өлеңдері оқылды. Келген көрермендер ақын Құтжан Қанжығалинның халқына қандай қадыры бар екенін аңғарды.

“Оқылған жүрекжарды өлеңдері мен әсем дауыста орындалған қоңыр әндері  көңілімізге қонды. Осылайша ерекше есте қаларлық кеш болды. Жаңа кітаптың тұсаукесер кешіне арнайылап келген қалың жұрт Құтжан Қанжығалин ақынды тереңірек танып, оның жарыққа шыққан кітабымен танысты. Жұрт  керемет әсер алып, ерекше сезім құшағына бөленгенін тілге тиек етті”, – дейді Аманкелді аудандық орталық балалар кітапханасынң меңгерушісі Зарина Мұсабаева.

Елдің рухын, мәдени мәртебесін көтеріп, бүгінгідей уақытта, сеніміне серпін беретін, бірден-бір күш кітап десек, ақынның тағы бір мұрасы оқырман қауымға жол тартып отыр.

Аманкелді ауданы

 

Жаңалықтармен бөлісу