1 июня, 2025
Аманкелдіде «Қанатты домбыра» ұлттық өнер байқауы өтті

Аманкелдіде «Қанатты домбыра» ұлттық өнер байқауы өтті

Жанкелдин ауданындағы Б. Хамзин атындағы өнер мектебінің оқушысы Жанбота Орманбек аудандық білім бөлімі «Шабыт» жобасы аясында ұйымдастырған жас домбырашылар байқауының жеңімпазы атанды.

Орта топта Аманкелді аудандық музыка мектебінің оқушысы Мәди Қалыбек үздік атанды.

Жеңімпаз Жанботаның анасы Меруерт Сақтапбергенованың айтуынша, қызы 8 жасынан бастап домбыра үйірмесіне қатысып, бүгінде 40-қа жуық күйді еркін меңгерген.

— Жолдасым Қанатбек екеуміздің үш баламыз бар. Жанбота – ортаншы қызымыз. Домбыра өнеріне 8 жасында келді. 6 жылдан бері үздіксіз еңбектеніп, үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Бұл байқауға да тиянақты дайындалды. Демалыс күндері де уақытын өнерге арнады. Жетекшісі Арайлым Әлібаеваға алғысымыз шексіз. Қызымыздың өнер жолы сәтті болсын, – дейді қуанышын жасыра алмаған ана.

Дәстүрлі қазақ музыкасын дамыту және өскелең ұрпақ арасында ұлттық өнерді кеңінен насихаттауды мақсат еткен бұл байқауға 6 ауданнан 10-13 және 14-17 жас аралығындағы өнерлі оқушылар қатысқанын айта кетейік.

Салтанатты іс-шарада Аманкелді ауданының әкімі Қанат Кеделбаев пен аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Дихамбаев қатысушылардың өнер жолындағы алғашқы қадамдарына қолдау білдірді.

Байқауға арнайы әділқазы ретінде Мәдениет саласының үздігі, композитор, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова Астана қаласынан арнайы келді.

Сонымен қатар, ол «Тархан баба» күйінің орындалуына қатысты жетекші ұстаздар мен оқушыларға шеберлік сағатын өткізді.

— Байқау өте жоғары деңгейде өтті. Жас таланттардың өсіп келе жатқаны қуантады. Жергілікті композиторлардың да бірқатар шығармалары орындалды. Күй — қасиетті де бекзада өнер. Осындай байқаулардың жиі өткізіліп тұруы – ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге үлкен үлес қосады, – деді Анар Мұздаханова.

Сайысқа облысқа қарасты Қостанай мен Арқалық қалалары, Алтынсарин, Жанкелдин, Әулиекөл, Науырзым, Аманкелді аудандарынан барлығы 31 жас домбырашы қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, балалардың орындаушылық шеберлігі жетекшілерінің еңбегімен тікелей байланысты. Бұл бағытта әрбір мұғалімнің кәсіби шеберлігі мен ықпалы айқын байқалды.

— Басты мақсатымыз — жергілікті композиторлардың шығармаларын насихаттау. Айтбай Мұздаханов, Ақан Нұрманов секілді өнер иелерінің күйлері жастар арасында кеңінен танылуы тиіс. Бұл байқау алғаш рет бірнеше жыл бұрын аймақтық деңгейде өткен еді. Биыл облыстық дәрежеге көтерілді. Алдағы жылдары бұл өнер додасының аясын кеңейтіп, күймен қатар вокал, ансамбль сияқты жанрларды да енгізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Аманкелді аудандық музыка мектебінің қосымша білім беру педагогі Кенжегүл Қабақова.

 

Зарина ЖҰМАҒҰЛОВА,

Дина ДӘУЛЕТКЕЛДІ,

ҚӨУ журналистика мамандығының 3 курс студенттері