Табиғи апат Аманкелді ауданын кері айналып өтпеді. Аудан орталығымен қатар Қарасу, Ақсай, Байғабыл, Қабырға, Ақкісі, Есір, Қарашатөбе ауылдары халқының үйін су басты. Аудан халқы ауызбірлікте қиыншылықты еңсеріп, қауіптің бетін сейілтті.
Аманкелді ауданында осы тасқын судан зардап шеккен 12 адамға баспана кілті табысталды. Тұрғын үйлер “Көмек.kst” ҚҚ арқылы Арқалық қаласы және Аманкелді ауданынан берілді (жалпы құны 172 406 000 теңге).
Бұл іс-шараға “Қостанай таңы” газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы қатысып, тілегін білдірді.
Аудан әкімі Талғат Карбозов ауданның тасқын судан зардап шеккен тұрғындарына он екі баспана кілтін табыс етті.
– Биыл ауданымыз көктемгі су тасқыны кезінде біраз шығынға ұшырады. Дегенмен ел болып бірігіп ол қиындықты еңсердік. Бірақ кейбір үйлер су тасқыны кезінде ірге тастары сөгіліп, тұрғындар баспанасынан айырылып қалды. Үйсіз қалған адамдарға арнап аудан орталығында үйлер салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары осы жылы шілде айында аяқталады, – деді аудан әкімі.
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ
Аманкелді ауданы