Аманкелді ауданында тасқын судан зардап шеккендерге 41 үй сатып алынады

Аманкелді ауданында тасқын судан зардап шеккендерге 41 үй сатып алынады

Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов Аманкелді ауданына барып, тасқын судан зардап шеккендерге салынып жатқан үйлердің құрылысымен танысты. Сала басшылары мен мердігер компания басшыларына сапаға мән беруді және мерзімінде аяқтауды тапсырды.

“Үйлердің сапасына мән беріңіздер. Салынып біткен соң, кешіктірмей тұрғындарға беріңіздер. Қысқа ертерек қамданып, қора-қопсысын әзірлей берсін”, – деді Құмар Ақсақалов.

Ауданда барлығы 27 тұрғын үй құрылысы жоспарланған, оның ішінде Аманкелді ауылында әрқайсы 80 шаршы метрлік 18 үй салынады.

Облыс басшысы Аманкелдіге сапарында тасқыннан зардап шеккендерге сатып алынған үйлерге де барып, тұрғындардың қазіргі жай-күйін бақылады.

“Барлық көмек уақытылы көрсетілді. Ештеңеге мұқтаж қылған жоқ. Сондықтан басшыларға рахметтен өзге айтарымыз жоқ. Бұрынғы үйіміз ескілеу еді, қазіргі баспанамыз көңілімізден шығады”, – дейді Дулатов көшесіндегі 26-шы үйдің тұрғыны Ерсін Нұрфаилов.

Ауданда барлығы 41 үй (жаңадан – 16, иесінен – 14) сатып алу жоспарланған, оның ішінде бүгінге дейін 9 баспана сатып алынды: Аманкелді ауылынан – 5, Арқалық қаласынан – 4 (Арқалыққа көшуге ниет білдіргендерге).

Сондай-ақ көпшілікпен кездесуде облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуы жөнінде баяндап, тасқыннан кейінгі әлеуметтік төлемдер, шығындардың төленуі туралы жұртшылықтың сұрақтарына жауап берді.

Айбек ТАҢАТБАЕВ

Аманкелді ауданы

Жаңалықтармен бөлісу