Аманкелді ауданы орталығының тұрғындарын газ мәселесі алаңдатып отыр

Аманкелді ауданы орталығының тұрғындарын газ мәселесі алаңдатып отыр

Аманкелді халқын екі жылдан бері мазалап келе жатқан маңызды мәселе бар. Ол тұрмысқа ауадай қажет сұйытылған газ. Мән-жайды өңір тұрғындары сан мәрте көтеріп, ауыл әкімдігінің де, аудан әкімінің де алдында айтты.

Айтқаннан пайда не, еш шешімін таппай тұр. Қолдан келері айта беру, әлеуметтік желіге салу. «Үмтіттің оты сөнбейді» демекші, бірден бірге жетіп, еститін құлақ табылар. Оқырмандарымыз бұл мәселені «Қостанай таңы» газетінің редакциясына да жеткізіп, оң шешімін табуға атсалыссаңыздар деп сенім артуда. Бізге жеткен хаттың түпнұсқасын назарларыңызға ұсынғымыз келеді. Оқыңыз, мән-жайды біліп, назар аударыңыз.

«Құрметті, «Қостанай таңы» газеті редакциясы, Аманкелді ауданында туындаған үлкен мәселенің бірі газға байланысты. Жергілікті әкімдік мәселеден хабардар. Бірақ шешуге қауқарсыз. Таксимен бір баллон газды әкелу 2 мың теңге. Аманкелді халқы тиіп тұрған Амантоғайдан газ тасу үшін осынша ақы төлейді. Көлігі барлар қиындықты қатты сезінбейтін болар. Алайда, өзгелерге қиын-ақ. Жекелеген таксилер баллонды тасмалдауды бизнес көзіне айналдырып алды. Бір көше тұрғындарынан 7-8 баллон жинап алып, жеңіл көлікпен Амантоғайға барып құйып, әкеліп береді. Бұл жерде қауіпсіздік мәселесі  неге қаралмайды? Ол көлік жолда жарылып кетсе не болады? Неге құзырлы органдар тексермейді. Бұл мәселенің шешімі қашан болады? Кім жауапты?» – делінген хатта.

 

Бұл мәселе бойынша біз, Аманкелді ауданы әкімдігінің осы салаға жауапты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Руслан Қайырбековке хабарластық. Оның айтуынша, аудан бойынша 2 автомобильге газ құю станциясы бар екен. («МТК Арлан» ЖШС, «АрГаз» ЖШС). Бірақ «МТК Арлан» ЖШС газ құю станциясы өз жұмысын тоқтатқан. Ал «АрГаз» ЖШС газ құю станциясы Амантоғай ауылында орналасқан, үнемі жұмыс істеп тұрады. Газдың бағасы 1 кг – 81 теңге.

–Газ құю станциясын Аманкелді ауылында саламын деген жеке кәсіпкерлер болса біз бірден қолдау білдірер едік. Әзірге ондай ынта білдіріп, ұсыныс жасап жатқандар жоқ,  – дейді ол.

Біз өз тарапымыздан бұл мәселені зерттеп, тұрғындардың да пікірін білген едік. Ауданның бар жаңалығы жазылатын вацап әлеуметтік желісіне қосылып, құлақ түрдік. Аудандағы «Батпаққара» вацап желісінде мыңнан аса тұрғын тіркелген. Бәрін де осы мәселе толғандырады. Бір шешімі болса дейтіндер аз емес. Кәсіпкерлер мен облыстық мәслихат депутттарын да сөзге тартып, мән-жайды жеткіздік.

Бақытгүл Сейтмағанбетова – кәсіпкер. Ол кісі де ауылға газ баллондарды әкеліп сатады. Өзі Өзбекстанда жүрсе де сұрағымызға жауап беріп, пікірін білдірді.

–1990 жылдан бері аудандағы жалғыз тұрмыстық газ тарату орталығымен айналысып келеміз. Бұл отбасылық кәсіпке де айналған. Газдың бағасы жыл сайын құбылып тұрады. Тұрмыста қолданатын газ баллонның бағасы алғаш ашылған жылдары 400 теңге болды. Тұрмыстық газды арнайы техникамен Қостанай, Әулиекөлден техникалық талаптарды сақтай отыра тасымалдаймыз. Ауыл аймақ тұрғындары бізден алады. Жасыратыны жоқ, ауа-райының құбылуына байланысты жол болмай қалғанда газ да болмайды. Аудан тұрғындарының бәрін қамту мүмкін емес.  Бір жағынан жол шығыны қымбатқа шығады. Содан біз 2023 жылдың шілде айында жұмысымызды уақытша тоқатуға мәжбүр болдық. Сол кезден бері тұрғындар Амантоғай ауылынан тасымалдап жүр. Тапсырысқа қарай таксилер арнайы әкеліп береді. Қауіпсіздік мәселесіне аса назар аудару қажет. Тұрғындардың сұранысын ескере отырып ақпан айында қызметімізді қайта жалғасытырамыз деп отырмыз. Кеше ғана Аманкелді ауданының әкімі хабрласып, қолдау білдіретінін айтты, – дейді кәсіпкер.

Батыр Сейкенов, кәсіпкер, меценат. (Астана қаласы)

            –Мен Аманкелді ауылының тумасымын. Аудан орталығынан газ станциясын ашу көптен айтылып келеді. Көп ойланбастан, халқымның өтінішіне құлақ түрдім. Өздеріңіз білесіздер, аудан облыс орталығынан шалғай жатыр, ар жағымызда Жанкелдин ауданы бар, бергі жағында Амантоғай. Тоғыз жолдың торабындағы орталық. Содан 2019 жылы Аманкелді орталығында газ станциясын орнатуға өзімнің қалтамнан 30 млн қаржат бөлдім. Жергілікті кәсіпкерге сенім арттым. Одан бір табыс тауып, пайда көру ойымда да болған емес. Ол кісі 4 адамды жұмыспен қамтыды. Сұйытылған газ Қостанай қаласынан тасымалданды. Сол жылы литрін 65 теңгеден алып, 90 теңгеден сатты. Өзінің шығындарын уақытылы өтеді. Жергілікті салықты да уақытылы төлеп отырды. Екі ауданға да тиімді болды. Жол жүру ақысы да арзандады. 2022 жылдың қаңтар айында елімізде дүрбелең басталып, тікелей газ бағасына әсер етті. Ереуілде халық биліктен газ бағасын 50 теңгеге түсіруді талап етті. Ол жағы халыққа мәлім. Осының салдарынан солтүстік аймақтарда газ бағсының біріңғай бағасы бекітілді. 73 -75 теңге. Бұл баға бізге тиімсіз болды. Соған қарамастан, біздің станция жұмыс істегенін тоқтатқан жоқ. Сол кездегі облыс әкімінің араласуымен 60 тонна сұйытылған газ жеңілдікпен берілді. Бұл аз ғана уақытқа алдамшы дүние еді. Бұл баға өз шығындарын ақтамады. Содан кәсіпкер жұмыс істеуден бас тартты. Міне, қаншама уақыт өтті. Газ станциясының жұмысы тоқтатып тұр. Бүгінге дейін екі ауданның халқы әлеуметтік желі арқылы өз шағымдарын білдіріп жатыр. Мен бұл газ станциясын жұмыс істеймін деген жергілікті кәсіпкерге беруге дайынмын. Өздері кәсіпті дамытып, жаңа жұмыс орынын ашып, салықты уақытылы төлеп отырса болды. Маған бұл жерде бір тиын да қажет емес. Бастысы халқыма пайдасы тисе деген ниет. Бұған дейін де облыс әкіміне өтіншпен шыққанмын. Мен Науырзым, Жанкелдин, Арқалық қалаларынан газ станцияларын ашуға, қаржат құюға дайынмын. Бірақ қолдайтын, құлақ түретін жан болмады. Тағы айтамын әлі кеш емес. Облыс әкімдігі қолдап жатса мен қашанда дайынмын, – деп ағынан жарылды Батыр ағамыз.

Қостанай облыстық мәслихатының депутаты Қырмызы Сапарова да мәселемен таныс. Ол облыстық мәслихат депутаты Махаббат Жутаевпен сөйлесіпті. Ынталы кәсіпкер табылса, қолдауға дайын.

 

            Айдана Алпысқызы, көпбалалы ана:

            –Мен алты баланың анасымын.  Жұмыссызбын. Балалардың жәрдемақысына күн көріп отырмын. Өздеріңіз білесіздер күнделікті тұрмыста бар шаруамыз тұрмыстық газға тіреледі. Аудан орталығында газ болғанда еш қиындық жоқ еді. Уақытылы тамағымызды пісіріп жүруші едік. Жаздың ыстығында далада от жағып тамақ пісіреміз. Қаншама уақыт алады. Амал жоқ, мына тұрған Амантоғайдан газ баллонды 2500 -3000 теңгеге алдыртамыз. Ол 20 күнге жетеді.

            Нұрбол Бөлекбаев, жолаушы тасымалдаушы:

            –Аманкелді-Қостанай-Астана-Арқалық бағытында жолаушылар тасмалдаумен айналысып келеміз. Заң жүзінде салық басқармасына тіркеліп, салықты да уақытылы төлейміз. Көлігіміз газбен жүреді. Газ барда жол ақысы арзан болды. Жолаушыларды үйден үйге тасмалдап қалаған жеріне жеткізіп отырдық. Аудан орталығында газ станциясының жоқтығы бағаның өсуіне әкелді. Мәселе шешімін тапса, көп дүние жеңілдер еді.

 

Ал Аманкелді ауданының әкімі Талғат Карбозов төмендегідей жауап берді:

            –Халықтың көтерген мәселесі орынды. Бұл жергілікті билікке де сын. Сыртта жүрген жерлес кәсіпкер Батыр Сейкенов туған жеріне ивестиция салған соң, қолдау болуы қажет. Бұған қарамастан, облыс әкімдігі қолдаса, тағы қосымша газ станциясын ашуға дайынмын деп отыр. Бұл жерде қол байлап тұрған мәселе жолдың шалғайлығы. Кәсіпкерлер содан қорқақтап, қолға алғысы келмейді, – дейді әкім.

Бұл іспен айналысам дейтін кәсіпкерлер жоқ емес, бар. Батыр Сейкенов те қолдан келгенін аяп отырған жоқ. Сонда бұл жерде жергілікті билік дәрменсіз бе? Әлде дайын тұрған инвестордың жұмысына тұсау бар ма? Әкімдік өз тарапынан облыстағы құзырлы органдарға, министірлікке хат жолдап, газ мәселесін тасымалдау бойынша жеңілдік не болмаса субсидия жағын қарастыруға болар еді. Бір ғана инвестор келіп, қаражатын құйғанда басқа кәсіпкерлер қайдан ынталы болсын. Президент әр жолдауында инвесторлар тарту басты орында дейді. Сондықтан Аманкелді ауданының әкімдігі алдағы уақытта сыртта жүрген кәсіпкерлердің басын қосып кеңейтілген жиын өткізсе дұрыс болар еді. Мұны облыстық мәслихат депутаттары да қолдап отыр.

Айбек ТАҢАТБАЕВ

Аманкелді ауданы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу