«AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалы жанынан саяси белсенді әйелдер ұйымы құрылды. Ол өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне ат салыспақ. Бүгінде облыстағы белсенді әйелдер қатарында 5 облыстық мәслихат депутаты, аудандық және қалалық мәслихаттардың 56 депутаты бар.
Жаңа ұйымның ашылуына орай әйелдер қауымының активі өтті. Жиынға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева онлайн форматта, «AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалы төрағасы міндетін атқарушы Жанар Куйшинова, аудан мен қала деңгейіндегі халық қалаулылары мен өңірдің қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Басқосуда нәзік жандылардың мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру мәселесі жан-жақты талқыланды.
Жиынға қатысушылар аймақтық Саяси бюро кеңесінің шешімімен Жітіқара аудандық мәслихатының депутаты Гулсара Жаманқұлованы әйелдер ұйымының кеңесшісі етіп тағайындау ұсынысын бір ауыздан қолдады. Қостанайлық белсенді әйелдердің басын біріктірген жобаның ашылуында облыстық партия филиалының атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Жанар Қойшинова әйелдер қауымының қоғамдағы рөлін, олардың әрбір саланы дамыту мен нығайтуға қосқан үлесін айрықша атап өтті.
«Елімізде гендерлік саясат, әйелдер мен отбасы мәртебесі мәселелері – мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі. Қазіргі уақытта Қазақстан әйелдері экономиканың дамуында маңызды рөл атқарады, дағдарысты еңсерудің және экономикалық прогреске қол жеткізудің белсенді және ауқымды ресурсы болып қала береді. Әйелдің қоғамдағы беделі мен рөлін арттыру, әйел тұлғасының табысты дамуы үшін жағдай жасау – «AMANAT» партиясының міндеттерінің бірі. Бүгінде Қостанай облысындағы партия мүшелерінің 58,9 пайызы немесе 26543 мыңға жуығы – әйелдер. Партияның Әйелдер қанатын құру және оның жұмыс істеуі партияның әйелдер күн тәртібін ілгерілетудегі әлеуетін нығайтып қана қоймай, Қазақстандағы саяси мәдениет пен демократияның дамуына маңызды үлес қосады» , – деді Жанар Куйшинова.
ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева әйелдер қанатының мақсат-міндетін жеткізді. Оның айтуынша, партия жанынан құрылған ұйым отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесіп, отбасы құндылықтарын дәріптейді. Кәсіпкер әйелдерге қолдау білдіріп, нәзік жандылардың ғылыммен айналысуына жағдай жасайды.
«Өздеріңізге белгілі «AMANAT» партиясы әйелдердің мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруды қолдайды. Қостанайда әйелдердің саяси белсенділігі жоғары. Бұл жоба өңірде сәтті жүзеге асатынына сенім білдіремін», – деді Екатерина Смышляева.
Жиында облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының, Әйелдер күштері альянсының өкілдері мен шағын және орта бизнестегі қыз-келіншектер де сөз алып, басқосуға келген әрбір нәзік жандыны айтулы іс-шараның қатысушысы болуымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамытуға бағытталған «Miras» аймақтық кеңесінің төрайымы Қырмызы Жаңбыршина гендерлік саясатты қолдаудағы партияның үлесін атай келе, өңіріміздің белсенді қыз келіншектерін әйелдер қанатының жұмысына ат салысуға шақырды.
«Әйелдердің қоғамдағы рөлін көтеру – «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасына енген міндеттердің бірі. Партия гендерлік теңдік қағидатын қолдай отырып, 2022 жылдан бастап, Қазақстандық әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытуға және іргерілетуге бағытталған «Томирис» жобасын іске асыруда. Ендігі кезекте партиялық жобаның қағидаттарына негізделген партияның Әйелдер қанатының жұмысын жүзеге асыру және үйлестіру қажет. Аталған бастамаға белсенділік танытуға шақырамын», – деді Қырмызы Жаңбыршина.
Іс-шара барысында қатысушылар көп балалы аналарды қолдау, отбасы құндылықтарын нығайту, әйелдерді мемлекеттік қызмет пен бизнеске ынталандырудың өзекті мәселелерін қарастырды.
Әсел ҚИБАШ
Суреттерді түсірген – Б. Мейрамұлы