20 июня, 2025
«AMANAT» партиясы сайлауалды уәделердің орындалу барысын Рудный қаласында тексерді

«AMANAT» партиясы сайлауалды уәделердің орындалу барысын Рудный қаласында тексерді

«AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов жұмыс сапарымен Рудный қаласына барды. Сапар аясында партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы шеңберінде іске асып жатқан бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысы тексерілді.
Мониторингтік іс-шараға Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қатысты. Құрылыс алаңдарында атқарылып жатқан жұмыстармен танысу барысында бірнеше нысандарға баса назар аударылды.

   

Соның бірі 900 орындық «Жайлы мектеп» құрылысы. Жоба құны 7,4 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың тамыз айында басталған. Қазіргі таңда іргетас жұмыстары мен терезе орнату жұмыстары қалған. Жоба толығымен қаржыландырылып, құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Мердігер ұйым білім ошағын биылғы оқу жылына дейін тапсыруды көздеп отыр.

– Біз үшін ең маңыздысы – уәде еткен жобалар уақытында әрі сапалы орындалуы. Бұл мектеп – болашақ ұрпаққа жасалған инвестиция. Партия тарапынан мұндай нысандарға тұрақты бақылау жалғасады, – деп атап өтті Алмат Досмұхамедов.

Партия өкілдері екінші барған нысан №8 бөбекжай. Онда күрделі жөндеу жұмыстары қаралды. Жөндеуге бөлінген қаражат құны 552,1 млн теңге. Жұмыстар осы жылы аяқталуға тиіс. Екі жыл бұрын терезе, есік блоктары мен материалдар дайындалған. 2024 жұмыстардың басым бөлігі орындалған. Қазіргі кезде абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Нысан жаңа оқу жылының алдында тапсырылады.

– Рудный қаласы үшін мұндай әлеуметтік нысандардың уақтылы іске қосылуы өте маңызды. Біз барлық мердігерлермен тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қала тұрғындары бұл өзгерістерді жақын арада нақты сезінеді, – деді Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко.

Сапар соңында делегация жобалардың барысын бақылау, сапа және мерзімдік жоспарлардың сақталуын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған «AMANAT» партиясы
Қостанай облыстық филиалының баспасөз қызметі