Қостанайда «AMANAT» партиясы білім беру саласында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп, жас ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес қосқан ардагер ұстаздарды құрметтеу рәсімін өткізді. Партия ғимаратында өткен салтанатты шарада мерейтой иелеріне шын жүректен алғыс сөздер мен жылы лебіздер айтылып, гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Іс-шараға «AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов қатысты. Сонымен қатар, өңірдегі білім саласының ардагерлері мен кәсіподақ белсенділері де жиналып, педагогикалық еңбек жолында із қалдырған қос тұлғаға құрмет көрсетті.
Бұл күні ерекше қошеметке ие болған жандар — Зейнегүл Қайырбекқызы Нұрмұхамбетова мен Батима Бексұлтанқызы Даумова. Екеуі де білім беру жүйесінің көшбасшылары, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған, бірнеше буын маман дайындаған ірі педагогтар.
Зейнегүл Қайырбекқызы — Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, еңбек ардагері. Ал Батима Бексұлтанқызы — философия докторы (PhD), педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалі мен көптеген марапаттардың иесі.
Салтанатты жиында Зейнегүл Қайырбекқызына Жергілікті білім беру кәсіподағының «Еңбек ардагері» медалі табысталды. Құрметті награданы Алмат Досмұхамедов өз қолымен тапсырды.
«Ұстаз — ұлттың тірегі. Сіздердің өмір жолдарыңыз жас буынға үлгі, ал еңбектеріңіз – ел игілігіне айналған үлкен мұра. Бүгінгі марапат – сіздердің адал еңбектеріңізге деген қоғамның шынайы құрметі», — деді партия өкілі.
Сонымен қатар, екі мерейтой иесіне шипажайға жолдама, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар тарту етілді.
«AMANAT» партиясы әрдайым ұстаздар қауымына ерекше ықыласпен қарап, олардың еңбегін ел болашағының іргетасы ретінде бағалап келеді. Қоғамға бағыт-бағдар беретін ұстаздардың құрметке лайық екендігін осындай шаралар тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.