“AMANAT”: алдағы жаңа он міндет

“AMANAT”: алдағы жаңа он міндет

Бұл міндеттер партияның кезектен тыс ХХХVI конференцияда сараланды.  Партия хатшысы Ержан Жылқыбаев мәлімдегендей, қазір әділетті қоғам құру үшін күш салып, азаматтардың құқығын қорғау маңызды міндет болып тұр.

«Көзбояушылық пен жасандылық қажет емес. Біз қашанда саяси бәсекелестікке және күреске дайын болуымыз керек», – Ержан Жылқыбаев.

Сонымен қатар, ол алға қойған жаңа 10 міндетке тоқталып өтті. Соның ішінде қоғамдық қабылдауға айрықша мән беру туралы айтты.

«Бақылау-тексеру комиссиясының жұмысын жетілдіру маңызды. Мысалы, құрылысы кешеуілдеп жатқан нысандар бар. Қостанайдағы Береке шағын ауданында мектепті үш жыл бойы салып жатыр екен. Бұлай болмайды. Сол маңдағы халық оны асыға күтіп отыр. Мердігерлер пайданы ғана ойламай, жауапкершілікті сезінуі керек», – деді партия хатшысы.

Былтыр партиядан сайланған мәслихат депутаттары 300-ге жуық нысанды аралап, мемлекеттік органдарға 178 сауал жолдаған. Қостанай облыстық мәслихатындағы «AMANAT»  фракциясы төрағасының орынбасары Қырмызы Жаңбыршина осы жөнінде мәлімет берді.

«Соңғы сайлаудың нәтижесіне сәйкес депутаттық корпус 56% жаңартылды. Азаматтардың депутаттарға деген сенім деңгейін өлшеуге болатын негізгі бағыттардың бірі – қоғамдық қабылдау бөлмелері. Өткен кезеңде фракция мүшелері 689 қабылдау өткізді, онда 1404 адам қабылданды, 964 өтініш (69%) оң шешілді, 432 (31%) өтінішке қатысты толық түсініктемелер берілді», – деді Қырмызы Жаңбыршина.

Іс-шарада сөз алғандар партия жобаларының жүзеге асырылуын да талқыға салды. Бір айта кетер ерекшелік – жиынға мүдделестердің галстуксыз келуі. Бұны «аманаттықтардың» ашықтыққа, жаңашылдыққа ұмтылысы деп түсінуге болады.

Саяси кеңес пен бақылау-тексеру комиссиясының құрамына да өзгерістер енгізілді.

Қостанай облысында 262 бастауыш ұйымға біріккен 45 мыңнан астам партия мүшесі бар.

Аслан ҚАНҒОЖИН

Суреттерді түсірген Б. Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу