Арқалық қаласындағы «Алюминқұрылыс» ЖШС көктемгі тасқын судан зардап шеккен Жанкелдин ауданы, «Көкалат» ауылының «Көлқамыс» бөлімшесінде 10 үйдің құрылысын бастағалы отыр.
Бұл жағымды жаңалықты «Алюминқұрылыс» ЖШС бас директоры, Арқалық өңірлік штабының мүшесі Абай Мұқановтың өзі бөлісті.
Оның айтуынша серіктестік табиғи апаттың келтірген залалдарын жою жұмыстарына іле кірісіп, электр жарығынсыз қалған ауылдарға тоқ беру, уақытша жол байланысын орнатуға білек сыбана кірісіп, бүгінде су тасқынынан бүлінген жолдар мен көпірлерді толық жөндеуге көшкен.
«Адамдарымыз болған жағдайға түсіністікпен қарап жұмыс істеп жатыр», – дейді серіктестік басшысы Абай Мұқанов.
Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ірі компонияларға бөлініп берілген үй салу үлесінде «Алюминқұрылыс» ЖШС-де бар.
«Материал дайындап, жұмысқа кірісіп жатырмыз. Таяу күндері «Көлқамыс» ауылында он үй құрылысын бастағалы отырмыз», – дейді Абай Құспанұлы.
Іргелі кәсіпорын су тасқыны кезінде Арқалық қаласының өзінде «Екідің», «Алуа», «Аққошқар» ауылдары бағытыдағы бұзылған 100 шақырымға жуық жолды жөндеп, іске қосқан.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы