Алтын өндірісі азайған

Алтын өндірісі азайған

Облыс өнеркәсібінің 64,2%-і өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Оның ішінде тау-кен өндіру секторы 32,6%, электрмен жабдықтау 2,5% болса, 0,7 %-ін сумен жабдықтау секторы құрайды.

Бұл сала жайлы облыс әкімдігінде өткен кеңесте Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Назарбек Қонқабаев баяндап берді.

– Соңғы бес жылда өңдеу саласындағы кәсіпорындар саны 599-дан 706-бірлікке дейін артты. Осы жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша сала кәсіпорындары 125,4 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл былтырмен салыстырғанда 21,3% артық, – деді Назарбек Қонқабаев.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аймақтағы өндіріс секторының басым бөлігі машина жасау саласына тиесілі екенін тілге тиек етті. Статистикаға сүйенсек, көлік құрастыру саласы айтарлықтай көрсеткішке ие – 49,2%. “СарыарқаАвтоПром” кәсіпорны жеңіл көлік құрастыру үлесін 33% арттырған.

Десек те, қаңтар айының қорытындысына иек артсақ, кейбір өңірлерде өнім көлемін біршама төмендетіп алған кәсіпорындар бар. Лисаков қаласындағы “Дон мар” ЖШС орақ өндірісін 22,2%-ке қысқартқан.

– Мысалы, Бейімбет Майлин ауданында орналасқан “Варваринское”, Жітіқарадағы “Брендт” кәсіпорындары өңделмеген алтын өндірісін 31,8%-ке төмендетіп алды, – деді басқарма басшысы.

Өңір басшысы олқылықтың орнын жойып, аталған қала мен аудан әкімдеріне мәселені талдап, нақты шешім қабылдауды тапсырды.

– Аталған өңірлердің әкімдіктері ағымдағы жағдайды мұқият зерделеп, көлемді ұлғайту жөнінде баламалы нұсқаларды пысықтауы керек. Өндірістің төмендеуіне жол бермеу үшін барлық шараларды қабылдауы қажет, – деді облыс әкімі.

Үкімет облыстарға экономиканы дамыту бағытындағы еңбек өнімділігін арттыруды жүктеп отыр. Өңдеу өнеркәсібі саласын дамыту үшін жаңа өндіріс орындары құрылып, қолда барды жаңғыртуға инвестициялық жобалар әзірленген.

– Облыстың өңдеу өнеркәсібі бойынша 13 жобаны  іске асыру жоспарланып отыр. Оның 11-і машина жасау саласы бойынша, екеуі тамақ өнеркәсібіне тиесілі. Инвестицияның жиынтық көлемі 134 млрд теңгені құрап, 1,8 мың жұмыс орыны ашылады, – деп түйіндеді Назарбек Қонқабаев.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

Жаңалықтармен бөлісу